Ақпанның 9-ы Халықаралық тіс дәрігері күні боп белгіленгенін бірі білсе, бірі білмес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық тіс дәрігерлері қоғамының бастамасымен 1984 жылдан баспа, аталып өтілуде. Айтулы күнде аудан халқына жақсы таныс дәрігер-стоматолог Қуандық аға Жұмағалиевты мақаламызға арқау еттік. Бөкейлік ағайын кейіпкерімізді «Қолы епті Қуандық», «бала көңілді Қуандық» деп таниды.
«Достарымның дерті болашағымды бағдарлады»
Кеңес заманының балалары «Болашақта кім болғың келеді?» десе, ер балалар ғарышкер, милиционер, т.б. деп сап түзей салса, қыздарының дені мұғалім не дәрігер болуды қалайтын еді. Ал бала Қуандық Сүйіндіктің орта мектебінде оқып жүргенде-ақ тіс дәрігері болатынын өзіне мақсат тұтқан. Неге дейсіз ғой? Себебі ауылда тіс дәрігері болмаған. Тіс дерті үлкенді болсын, мейлі кішіні мазаласа, оларға шипа болар ештеңе де табылмайтын. Кейін ауылдастары ем іздеп Басқұншақ не Харабайлы ауылдарына баратын. Бірі жұлдырып, ауруынан айықса, бірі пломба салдыртып, тура жаңа тіс салғандай масаттанып келетін. Бір қызығы кейіпкерімізге олардың ауырған тісін жұлдыртқаны емес, жөндетіп, қалпына келтірегені ұнайтын. Ауылдастарының қиналғанын, әсіресе тістері маржандай боп келген достарын көргенде іштей «мен тіс дәрігері боламын» деп шешкен екен. 1975 жылы Қуандық Жұмағалиев Алматы мемлекеттік медицина институтына стоматологиялық бөліміне түседі.
«Қайнағаны құлатып, сабақ алдым»
Оралда интернатурадан өткен жас маман Қуандық Елемесұлының өз еліне етене жақын Орда ауданына стоматолог-дәрігер боп келгеніне, міне, биыл тура 40 жыл болады. Бір ауруханада табан аудармастан қызмет еткен төрт онжылдықта оның алдына ауданның үлкені де кішісі де келгені рас. «Өз ісінің маманы болу бір бөлек те, мазасы кеткен адамның көңілін табу да бір бөлек өнер. Дәрігерлерге, әсіресе тіс дәрігерлеріне осы екі қасиетті бір арнаға тоғыстыруы шарт. Өйткені тіс дәрігеріне адамдар ауруы шыдас бермегенде келеді. Ондайда олар шыдамсыз, ашушаң болады»,-дейді тәжірибелі маман. Ондайда мазасыз пациенттің жанжал шығаруы да ғажап емес. Десе де Қуандық ағаның үнемі жымиып, «әр қазағым – жалғызым» деп әр пациентіне жылы шырай танытуы, көңілін аулап, оны ондай даулардан аулақ әкеледі. Қуандық ағаның әріптесі әрі ұзақ жылғы серіктесі Бекетай Еркеғалиев:
–Қуандық ешқандай артық у-шуды ұнатпайтын, компромиске тез келетін адам ғой. Жылы сөйлеп, өз ісін тындыратын маман,-деп қоштап отыр. Кейіпкеріміз білместікпен жас кездерінде қателіктер болғанын жоққа шығармайды. Десе де әрқайсысынан өз сабағын алғанын айтады. Әсіресе бір оқиға оның барлық еңбек жолына сабақ болған екен.
Бірде автобуспен Ордадан келе жатырғанда қасына қайынағасы Шурик жайғасып: «Қуандық, мен саған келе жатырмын. Тісім ауырып тұр»,-дейді. Жұмыс орны – ауруханада кездесуге келіседі. Алдымен науқасты терезеге қарсы орналасқан арнайы орындыққа отырғызып, 2%-дық новокаин (ол кезде ауруды басатын осы дәріден басқасы жоқ-ты) егіп, басқа да қажетті құрал-саймандарды жинақтап жүрсе, сарт ете түскен дауыс естіледі. Жалт қараса, орындықта қайнағасы жоқ. Ол есін жоғалтып, құлап қалыпты. Беті болса аппақ, тура парақтың бетіндей боп кеткен. Содан бері екпе салған соң Қуандық Елемесұлы еш уақытта пациенттен бір адым да алыстамауды дағдыға айналдырған. Және оны өз әріптестеріне мен көмекші қыздарға да жиі ескертіп отырады.
«Тәртіп барлығына ортақ»
Аурухана ол тек медициналық қызметкерлерден ғана емес келушілерден де тазалықты талап ететін. Жас кезім. Бұл ауылға күйеу бала болғаныма да көп бола қойған жоқ. Адамдарын да танымайтынмын. Көктемнің бір күнінде үстінде сары плащы бар, резеңке етігі балшыққа малынған азамат кіріп келмесі бар ма. Әлгі етікті көрдім де бірден: «Шығыңыз!» деп тазалықты сақтауды талап еттім. Ол азаматтың кеуде тұсынан шығарған қызыл куәлігіне де қарамадым. Шығып кетті. Ойда ештеңе жоқ үйге түскі тамаққа келсем, менің атыма сотқа шақырту әкеліп тастапты. Айтқанымдай, Нәйла апаңмен жақын арада отбасын құрған кезіміз. Қырсық шалғанда дәл осы күні қайын атам мен енемнің Ордадан келмесі бар ма?! Мен болсам неге сотқа шақыртқанына білмей далмын. Ал олар күйеу баласының өткенінде бірдеңе болған шығар деп күмәнданып қалған. Сөйтіп түстен соң үште сотқа бардым. Сотта аурухананың бас дәрігері Қасым Біләлов отыр. «Қуандық, сен не бүлдірдің? Түске дейін кімді қуып шықтың?» деп есіктен сұрақ астына алды. Қуып шыққаным рас, ал кім екенін қайдан білейін. Сөйтсем, түске дейін келген ауданның соты Болат есімді мырза екен. Ол іссапармен ауданды аралап, резеңке етіктен сыз өтіп, тісі ауырып, жолдан келген жайы екен. Айта кетейін, ол кезде аудандық аурухана шойын жолдың арғы бетінде еді. Асфальт деген жоқ, жазғытұрым шақта бауырмал балшықтан аяғыңды алып жүре де алмайтын уақыт болды. Әрі ол кезде аты дардай соттың өзінде көлік болмайтын. Ол жаяулатып арғы бетке тісі қақсап бірден жеткенде әй-шайға қарамастан мен де бетінен қайтарған екенмін. Осылайша, тәртіпке шақырамын деп соттың алдынан бір шықтым. Шүкір түсінбестік тіні тарқатылып, Болат ағаймен де сыйласып кеттік.
Бұрындары новокаин мен лидокаиннің қоспасын егетін. Келушілер де тіс дәрігерінің алдын көруге жүрексінетін. Бұл күнде заман өзгерді. Медицинаның стоматология саласы да қарыштап дамып келеді. Осы саптан дәрігер-стоматолог Қуандық ағай да қалмауда. Осы кезге дейін әр бес жыл сайын тиісті мамандықты жетілдіру курстарынан дәріс алып, әріптестермен тәжірибе алмасып, балалар тіс дәрігері мамандығын да меңгерген. Шындығы сол ол қажеттіліктен туындаған. Өйткені бүгінгідей не бір түрлі қызметтерді ұсынуға әзір тұрған ақылы стоматологиялық орталықтар мен кабинеттер барда мемлекеттік ауруханаға табысы орташа не ақысыз қызмет көрсетілетін 15 категорияға жататындар қаралады. Міне, ақысыз қызмет алатындардың қатарында дені кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Сондықтан Қ.Жұмағалиевке келушілердің барлығының дертіне шипа ұсыну үшін балалар тіс дәрігері қосымша мамандығын меңгеруге қажеттілік туындаған. – Жалпы, ересек адамдарға қарағанда ерке өскен балаларға ем жасау қиын, олардың келесі қимылын алдын алу болжау да мүмкін емес. Сондықтан тіс күтімін бала кезден, нақтырақ айтқанда 2-3 жасынан бастаған дұрыс. Алдымен тіс щеткасы мен пастаны балаларға ойнауға беріп, кейін тісті шаюға дағдыландырған абзал,- дейді майталман маман.
«Тіс күтімі – құрсақтан»
Ғылымның дамығаны соншалық баланың дұрыс дамуы үшін бала жатырда жатқан кезден бастап-ақ күтім жасалады. Жүкті әйелге берілетін дәрумендерде тісті қатаюына тікелей әсер ететін кальций, калий сынды көпшілікке белгілі дәрумендер болады. Десе де кей кездерде ауыз қуысында ауытқушылықтар орын алып жатады. Олардың қатарында «қоян жырығы», таңдай саңылауы деген жалпы атаумен жұртшылыққа таныс аурулар да бар. Стоматологтар өзге дәрігерлер сияқты науқастарын диспансерлік тізімге алып, қажеттілігіне қарай ота жасатып, түзетуге жолдауға жәрдемдеседі. Ауданымызда ерін, таңдай кемістігімен балалар бар екен.
Бұл күнде заманына қарай адамы өзгеріп, азаматтарымыздың тіс күтіміне деген көзқарарсы өзгеріп, барлығы да маржандай тістердің болғанын қалайды. Соңғы кезде брикет салдырту жастар жағы сәнге айналдырып келеді. Сән қуған жастарға тәжірибелі тіс дәрігері брикет сән үлгісі емес, ол тістің түрлі сыртқы әсерден деформацияға түскен тіс ұяшықтарының реттеуге арналған құрал екенін ұмытпауды шақырады. Ал, тістің саулығы жүйелі күтім мен тағамды тұтынғаннан кейін сумен ауыз қуысын шайып жіберуден басталады.
Жылдарға созылған серіктестік
Осы жолы Қуандық ағаны біз аурухана жертөлесіндегі бір шағын ғана бөлмеде жолықтырдық. Өзі науқастарды қабылдап отырса, қарапайым адам түсіне бермейтін алуан түрлі құрал мен ұнтақ, сұйықтықтар тізілген секреторда отырған Бекетай аға Еркеғалиев адам жағын жасап отыр екен. Шын мәнінде өз қолымен протезді дайындап отыр. Қуандық ағамен сонау 1984 жылдан бері иық тіресіп, бірі тісті қарап, өлшемін алып, енді бірі сол өлшем бойынша тіс дайындап жүр. Тәжірибелі тіс технигіне бір адамның протезін толық дайындап шығу үшін 3-4 тәулік қажет. Алайда дайындау барысында өзіндік кедергілер кездесіп не тапсырыс берушінің қаладан орындалатын ерекше сұраныстары болып жатады. Сондайда жұмыс уақыты ұзарады екен. Сөйтіп Қуандық аға қызметтегі әріптесі, өмірдегі жолдасы Бекетай ағамен стоматологияның ортопедия саласы бойынша да аудан халқына қызмет етуде.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz