Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өтіп, оған комиссия мүшелері қатысты.
Комиссияда кеше түсте күшті желдің салдарынан болған өрттің жайы талқыланды. Кешегі өрт салдарынан Жәнібек ауылының Жәнекешев көшесіндегі 105-үй (иесі Ж.Құрманғалиева) мен 80-үй (иесі М.Әбділманов) толықтай өртеніп, тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ аудандық сот ғимаратының 200 шаршы метрді құрайтын шатыры ұшып кеткен. Өртті сөндіруге аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен техникалары тартылды. Сондай-ақ полиция құрамы, Жәнібек ауданы бойынша шекара бөлімінің, мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің, ауыл тұрғындарының белсенді атсалысуының арқасында өрт ошағының әрі қарай таралуына жол берілмегені отырыс барысында аталып өтілді. Абырой болғанда, өрттен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда.
Кейін аудан басшысы А.Сафималиев өрттің кесірінен тұрғын үйлерінен айырылған отбасыларды қабылдап, оларға аудан әкімдігі тарапынан заң аясында қолдан келген көмектің барлығы көрсетілетінін айтып, өз тарапынан ұсынысын да жеткізді.
А. Есіркепов
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz