3.04.2024, 11:15
Оқылды: 55

Комиссияның көшпелі отырысы өтті

Бөкей ордасы аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы Хан ордасы ауылында өтті.

көшпелі отырыс

Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов бастаған комиссия мүшелері алдымен Жәңгір хан атындағы мектепті, «Ақбота» балабақшасы мен мектеп жанындағы интернат ғимаратын аралап, білім алушылардың жай-күйімен танысты. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасарының төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның көшпелі отырысымен жалғасты. Аталмыш жиынға комиссия мүшелерімен қатар, Хан ордасы ауылының әкімі Әлібек Айтқалиев, Жәңгір хан атындағы мектептің директоры Нысанбек Шарафетдинов, мұғалімдер қауымы және жергілікті учаскелік инспектор Асылан Сансызбаев қатысты.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шара барысында бірнеше мәселе қаралып, тиісті өкілдердің баяндамалары тыңдалды.

Өз кезегінде Хан ордасы ауылының әкімі Әлібек Айтқалиев ауылдық округ бойынша қиын жағдайға тап болған балаларды анықтауға қатысты жүргізілген жұмысқа тоқталды. Оның айтуынша жергілікті білім ордасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, алдын алуда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқу жылы бойына «Қолайсыз отбасы» жедел профилактикалық іс-шаралары аясында қолайсыз отбасыларды, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушылардың, сондай-ақ жақын-туысының үйінде тұратын оқушылардың үйлеріне мектеп әкімшілігі, учаскелік инспектор, сынып жетекшілерімен бірлесіп рейд жүргізіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысу күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі дейді.

– Мектебімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған бір оқушы бар. Биыл қолайсыз отбасы санатындағы төрт отбасы тіркелсе, ондағы бала саны алтау. Өгей әкесінің қолында тәрбиеленіп жатқан төрт отбасы бар. Ондағы бала саны төртеу, екеуінің әлеуметтік жағдайлары жақсы. Мектепшілік есепке алынған отбасы балалары ұдайы назарымызда. Әрқайсысына «Мектепке жол» және тағы басқа акциялар аясында тиісті көмек көрсетіліп келеді, - деді.

Жәңгір хан атындағы мектептің тәрбие саласы бойынша атқарылған жұмыс жайлы аталмыш білім ордасының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзада Шәрипова айтып берді.

– Мектебімізде 503 бала оқып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 7 отбасы тізімде болса, ондағы бала саны - 18. Аз қамтылған 24 отбасы болса, ондағы бала саны – 43. 39 толық емес отбасы болса, ондағы бала саны – 48. Жыл бойына балалардың тәрбиесіне теріс әсер ететін қолайсыз отбасыларға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ ата-аналарға олардың негізгі міндеттері түсіндіріліп, кейбір мәселелерге қатысты нақты кеңестер беріліп келеді. Жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау бағытындағы іс-шаралар жалғасын таба бермек, - деп мектепішілік жоспарға сай атқарылып жатқан іс-шараларға да тоқталды.

Осы мектептің кәсіби бағдар беруші педагогі Тәттігүл Аманғалиеваның да ақпараты тыңдалды. Оқушылардың қандай ма кәсіптік салаға бейімділігін анықтау және дұрыс таңдау жасауына ықпал ету мақсатында тындырымды жұмыс атқарылуда дейді.

– Былтыр мектепті 38 түлек аяқтаса, оның 13-і жоғарғы оқу орнына оқуға түсті, біреуі РФ Қазан қаласында білім алуда, 5 оқушы колледжде оқиды. Мектеп бітіруші түлектерімізге ҰБТ жөнінде түсіндірме жұмысы жүргізіліп, мамандықтар туралы ақпарат беріп жатыр. Биыл 8 оқушымыз гуманитарлық, 31-і жаратылыстну бағытын таңдап отыр. «Мамандық әлемі» апталығы аясында түрлі маман иелерімен кездесуде шеберлік сағаты да өткізілді, - деді.

Бұл жиында ата-аналар комитетінің төрайымы Лаура Құрманғалиева да ой бөлісіп, ата-аналардың қатысуымен атқарылған жұмысты баяндады.

Өз кезегінде жергілікті учаскелік инспектор Асылан Сансызбаев та кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек дейді.

– Жыл басынан бері ауыл бойынша 13 хаттама толтырылса, құқықбұзушылықтың 442 бабы бойынша кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде сағат 23:00-ден кейін болуына байланысты 11 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес, яғни, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша екі хаттама толтырылды, – деп жедел-профилактикалық іс-шаралардың тұрақты өткізіліп тұрудың маңыздылығына екпін берді.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары аталған мәселелер бойынша тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді.

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале