Бүгін Батыс Қазақстан облысына Қазақстан Республикасы Экология және Табиғи ресурстар Министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Ғалымұлы Тұрғамбаев Казталов ауданына іссапармен келді.

Комитет төрағасы Данияр Тұрғамбаевты және бірге келген орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы орынбасарлары Андрей Ким мен Ерлан Құтпанбаевты, «Охотзоопром» өңірлік бірлестігінің директоры Роллан Тлевлесовты Батыс Қазақстан орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалының директоры Арман Қожахметов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты директорының міндетін уақытша атқарушы Ержігіт Ишмухамбетов қарсылап алып, Тасқала, Казталов аудандарына бастап барды.
Комитет төрағасының облысымызға арнайы келуінің негізгі мақсаты — Батыс Қазақстан облысындағы киік миграциясы өтетін жергілікті жердің атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, сол аумақтардағы егістіктер мен шабындықтарды қорғауға қатысты дайындық жұмыстарымен танысу. Қазіргі күннің өзінде егін мен екпелі шөп егетін Ақжайық, Тасқала, Казталов, Жәнібек, Бөкей Орда ауданындағы қожалықтарының егістік жерлеріне «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалы мен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары күзет жұмыстарын ұйымдастыруда.
Казталов ауданына ат басын бұрған Данияр Ғалымұлы Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловпен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы соңғы жылдары Орал популяциясына кіретін ақбөкендердің күрт өсуіне байланысты туындап отырған мәселелерді алға тартты.
— Біздің оңтүстік аудандарда киктің саны тым көбейіп жатыр. Соның салдарынан ақбөкендер резерват аумағынан бөлек шаруа қожалықтарының жерлеріне кіріп, жайылымдар мен шабындықтарды жеп қоюда. Қазіргі күнде Казталов ауданы бойынша мал азығын дайындаудың өзі үлкен мәселе болайын деп тұр. Әсіресе, аудандағы екпелі шөп егетін шаруаларға қиын болмақ. Алдағы уақытта киік санын реттемесе, жағдайымыз мүшкіл. Негізінен шаруалар өз жерлерін өздері қорғайтын уақыт келді,- деп ашығын айтты Казталов ауданының әкімі.

Сонымен қатар, кездесуге келген облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов ақбөкендердің табиғи жағдайда өлуін, өлекселерді жинап, өртеу үшін жергілікті жерлердегі мал молаларының тарлық ететінін жеткізді. Халық қалаулысы қосымша мал молаларын салуды ұсынды. Расында, күзгі күйек кезінде және көктемгі миграция уақытында ақбөкендердің шетінеуі жиі кездеседі. Бұл — табиғи процесс.
Казталов ауданындағы жұмыссары кезінде комитет төрағасы Ақпәтер, Казталов ауылдық округтеріндегі шаруалардың егістік жерлерінің күзету жұмыстарының дайындығын тексерді.
Нұр Рахман
Казталов ауданы