Ине-жіп ұстап, іс тігетін, өмірін өнермен, оның ішінде қолөнермен байланыстырып, еңбегінен береке тапқан жандар көп. Солардың бірі – Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық округіне қарасты Озерный ауылында тұратын Жанна Тоқбаева. Озерныйдағы ағайын Жанна Жеңісқызын тек он саусағынан өнер тамған ісмерлігі үшін ғана емес, бала тәрбиелеп, өмірін ұстаздыққа арнаған жан деп те құрметтейді.
Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай елді мекенінде 1982 жылы дүниеге келген кейіпкеріміз сол жақта мектепті аяқтап, еңбек жолын бастаған.
Жанна Жеңісқызының қолөнерге деген қызығушылығы мен икемі анасынан дарыса керек. Өйткені анасы марқұм Ақзила Қалиматова тоқу тоқығанды ерекше ұнататын жан болыпты. Ол кісі өз қыздарын да осы өнерге баулыған.
Кішкентай кезінен тоқуға құмар болған Жанна алғашқы бұйымын 10 жасында тоқыған. Ол істе оған апасы Зәмзәгүл Тілесова көмектескен.
-Әлі есімде, апамды мазалап жүріп, білмеген жерімді қайта-қайта сұрап, жүн шұлық тоқуды үйрендім. Оны ағам Аманғали Қалиматовтың баласына сыйға тарту еттім. Олар ұнатты. Содан бері тоқыма өнеріне қызығушылығым артып, қолымнан шыққан бұйымдарды тума-туыстарыма арнап тоқып, сыйлай бастадым. Тіпті отбасын құрып, балалы болғаннан кейін де өнерімнен бір ажырамадым. Ұлдарым мен қызыма тоқып кигізетін болдым,-дейді Жанна Тоқбаева.
Шебер өзін ісмерлік өнерге баулыған анасы мен апасы Зәмзәгүл Тілесоваға ерекше алғысын айтады. Осы күні ісмерлікпен қатар ұстаздық қызметті абыройлы атқарып жүрген кейіпкеріміз әр жолдың өзіндік талап-міндеті бар екенін, екеуін қатар алып жүру адамды рухани байытатынын және ерік-жігерін шыңдап, өмірге қызығушылығын арттыратынын айтады.
Тек тоқыманы ғана емес, құрақ көрпе, қонақ көрпе тігуді де бір кісідей меңгерген Жанна ханым ши құрақ жасауға да кіріскен. Осы күні таңсық өнер саналатын қолөнердің бұл түрін білетіндер де көп емес. Сол себепті білімін толықтырып, шеберлігін шыңдау үшін Ақтөбе қаласында тұратын дизайнер Айнагүл Бекенованың шеберлік сағатына қатысып, ши құрақты меңгеріп алған. Осы күні тапсырыстар алып, алғашқы тапсырыс берушілерін қуантып та үлгеріпті.
-Ши тоқу – қолөнердің ең көп сұранысқа ие түрі. Алдымен матаны үш сантиметрден шилап ұзынша етіп қиып, бір-біріне жапсырлатып тігеді. Бір көрпеге 12 ши құрағы қажет. Соңғы тапсырысымды 20 көрпеге алдым. Жұмысым клиентімнің көңілінен шықты. Көрпенің бағасы тапсырыс берушінің дизайны мен жұмыстың қиындығына қарай қойылады,-дейді шебер.
Былтырға дейін жұмысын ине-жіппен ғана жасап келген кейіпкеріміздің жолдасы Серік Тоқбаев жанжарының ісмерлікке және кәсіпке деген қызығушылығы оянғанын байқап, іс машина сатып алыпты. Енді шебер көрпе жасаудың түрлерін дамытам деген жоспарын іске асырмақшы.
Ол үшін түрлі дизайн ойлап тауып, жас жұбайларға арналған арнайы көрпе мен қонақ келгенде төсейтін төр көрпелердің түрлерін ойластырып, қыз жасауын тігуді қолға алуды көздеп отыр. Үйренуден жалықпайтын шебер арнайы басылымдарды қарап, әр түрлі сурет-өрнектерді де пайдаланады.
Жанна Жеңісқызының өмірлік ұстанымы – үнемі ізденіс үстінде болу, өмір ағымынан қалыс қалмау және ісіне адал болу.
Бүгінде кейіпкеріміздің ата-енесі Қайырхан Тоқбаев пен Гүлсім Баймұқановалардың оған үнемі қолдау танытып, бастаған ісіне береке тілейді. Аянбай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне де айрықша көңіл бөлетін қамқор ана, мейірімді ұстаз, қолөнер шебері өмірге 4 перзент әкелген. Жолдасы Серік Қайырханұлы Озерный негізгі мектебінде ұстаздық қызметте. Осы күні үлкен ұлдары Сержан Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің соңғы курс студенті, одан кейінгі ұлы Ерасыл Орал қаласындағы БҚУ-дың ІІ курс студенті, тағы бір ұлы Нұрсұлтан М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің 3 сыныбында оқып жатса, Қызжібек атты ерке қызы бес жаста.
Ұстаздықпен қатар қолөнерін қатар алып жүрген жан туралы айтпағымыз осы. Болашақта кәсібі өрге домалап, Жанна ханымның өзіндік бренді қалыптасса деген тілек бізден.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz