Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай Жәнібек ауданында таңнан бастап қонақтар келіп, түрлі шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі күннің әдемі нүктесін торқалы тойға келген меймандарға қонақасы берумен қорытындыланды.

Аудан орталығындағы «Адай» мейрамханасында жайылған ақ дастарханда аудан басшысы Тимур Серікұлы сөз алып, ұлан асыр тойды атап өтуге келген қонақтарға «қош келдің» айтып, алтын уақыттарын бөліп келгендері үшін алғысын білдірді.
Кеш барысында ақжарма тілектер айтылып, естеліктер мен Ғ.Қараш туралы зерттеулер сөз болды.

Тимур Серікұлы ауданға еңбегі сіңген мемлекеттік қызметтің ардагері Ділдәш Искакованың иығына шапан жапса, ауданның бас дәрігері болған Темур Мұсағалиевтің де иығына шапан жауып, мерекелік төсбелгіні табыстады. Дәл сондай шапан жерлесіміз, ақын Мұрадым Мирлановтың да иығына жабылды. Сонымен қатар ауданда бірнеше жыл газ шаруашылығында еңбек еткен азамат Пайызхан Ашығалиевке мерекелік төсбелгі табысталды.

Ғұмар бабаға арналған шаралар легі ертең өтетін дала қызықтарымен жалғасатын болады.

Кесенеден аудан орталығына қарай 100 шақырымдық Ұлы аламан бәйге, тай, құнан жарыс, қазақ күресі, қол күресі сынды спорттық ойындар өтеді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы