Мерейтойлық жылда Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округінде де кәсіпкерліктегі оң бетбұрыстармен ерекшеленді. Кәсіп иелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуының қанаттануы, бизнес тақырыбына дәрістердің өткізіліп тұруы да ұтымдылық әкелуде.
Уақыт өткен сайын дала төсіндегі тәжірибесін толықтырған Серік Сәрсенғалиев жетекшілік ететін «Сәрсенғалиев» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын өсіру бойынша Ұлттық палатаға тіркелді.
«Сыбаға» бағдарламасымен «Талапкер» шаруа қожалығының иесі, жас еңбеккерлердің бірі Еркебұлан Өткелбаев 5,0 млн. теңге несиеге 20 бас аналық аналық пен 2 бас асыл тұқымды аталық алып, ісін одан әрі өрістетуде.
Нұрлан Есболатов өзінің «Есболат» шаруа қожалығына лизинг арқылы 10 млн. теңге көлемінде қаржыға трактор және оған қажетті барлық агрегат алды.
Малдәрігерлік сауықтыру шаралары жоспарға сай жүргізілуде. 2016 жылы бруцеллез ауруына шалдыққан 54 мүйізді ірі қара мен 9 бас уақ жандық түгел жойылды. 14 аталық мал есептен шығарылып, 24 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алынды.
Жеке кәсіпкер Үміт Есболатова көлемі 120 шаршы метр болатын «Ажар» дүкенін іске қосты. Мұнда азық-түлік, құрылыс және тұрмыстық заттар сатылады. Жылдар жүзінде тірнектеп жинаған қаржысына осындай ғимарат көтеріп, ауылға ажар сыйлаған Үмітке тұрғындар дән разы.
Басқа да оң беталыстар бар. Жаңа «Береке» бағдарламасы бойынша мал бордақылау алаңын ашу үшін 2 тұрғын құжаттармен жұмыстануда.
2017 жылы кәсіпкерлік бойынша «Молдағалиев» ЖК дөңгелек жөндеу орталығын, «Аймырза» шаруа қожалығы құс өсіруді, «Самал» шаруа қожалығы қымыз сататын орын, «Сымбат» шаруа қожалығы жазғы демалыс орталығын ашуды жоспарлауда.
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Ақжайық ауданы