Темір Нағымұлы 40 жылға жуық журналистика саласында қызмет еткен кезінде таланты мен шығармашылық қызметі жарқырап көрінді. Қаламы қарымды журналист облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдениет салаларының түрлі проблемаларын кеңінен жазып, оның шешілу жолдарына да өз үлесін қосты. Оның қаламынан шыққан әрбір мақала, өзекті ойлар, құнды пікірлер елдің дамуына себеп болды. Республикалық басылымда қызмет істеп жүрсе де, туған ауылының проблемалық мәселелері халықтың жағдайы назарынан тыс қалған жоқ.
Кештің ашылу салтанатында сөз алған Казталов ауданының əкімі Рүстем Зұлқашев кеш қонақтарына, жиылған жұртшылыққа "қош келдіңіз" айтып, Темір Нағымұлының өнегелі өміріне қысқаша тоқталды. Рүстем Мүлкайұлы кешті жүргізу құрметін ақын, Ақжайық ауданының "Құрметті азаматы", Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиевке табыстады.
Сағынтай ақынның Темір туралы адуынды өлеңдерімен өрілген кеште сөз кезегі кеш қонақтары "Жайық Пресс" медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаровқа, ауыл шаруашылық саласының ардагері Лавр Хайретдиновке, құқық қорғау саласының ардагерлері, достары Серік Жабасовқа, Бахтияр Баймырзаға, Нұрлан Тұяқовқа берілді. Қонақтар Темір Нағымұлы туралы тамаша естеліктер айтты.
Кеш барысы əдемі əндермен өрнектеліп, Мұрат Ахметов "Ауылды аңсау", əнші-термеші жерлесіміз Ажар Ситенова Темір ағасына арнаған арнауын шырқады. Ажар ханым аудандық музейге Темір Құсайынға табысталмай қалған Əлем Халықтары Журналистер одағы төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды.
Сахна төріне республикаға, облысымызға танымал бір топ журналистер көтерілді. Темақаңның аңқылдақ ақ мінезі мен шығармашылығы туралы "Egemen Qazaqstan" газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, ақын, ардагер ұстаз Дариға Мұштанова, "Сырым елі" газетінің жауапты хатшысы, ардагер журналист Мүсірбек Айташев, ақын, "Ауыл айнасы" газетінің тілшісі Қыдыр Харесұлы естелік сыр шертіп, өлеңдерін оқыды.
Еске асу кешінде Темір Нағымұлы туралы əсерлі бейнеролик көрсетілді. Ел ағалары атынан кеште сөз саптаған еңбек ардагері Уəлиолла Əбішев Темір Нағымұлы туралы сағынышқа, ыстық ықыласқа толы лебізін жеткізді.
Темір Құсайынның журналистік шеберлігі, қаламгерлік қыры ел газетінде жарқырай көрінді. Әр мақаласына көз сүріндірер сандарды тізбектемей, оқырмандарды елең еткізетін қызықты деректерді көбірек арқау етуші еді. Алыс ауылдардың толғауы тоқсан тіршілігін, өңір тұрғындарының толғандырған әлеуметтік мәселелерін боямасыз саралаған проблемалық мақалаларымен салалық министрліктер мен Үкіметтің назарын аудартты. Қай мәселені де ұлттық, елдік мүдде тұрғысынан қозғады. Мақаласының мазмұны көсемсөз секілді төгіліп тұратын. Осылайша, қазақ баспасөзінің қарашаңырағында 30 жылға жуық абыройлы еңбек етті. «Egemende» еңбек еткен жылдарында мемлекеттік марапатқа - «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденіне ие болды. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Парламент сөзі» сыйлығының «Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымын иеленген еді. Өзі ұнататын тағы бір атағы – «Егеменнің» ардагері еді.
Кеште сөз сөйлеген Темақаңның бауырлары Мирлан, Ерлан, Нұрлан Құсайыновтар жəне ұлы Қуаныш, сүйікті немересі Нұржігіт кешке арнайы келген қонақтар мен жиналған көпшілікке алғыстарын жеткізді. Құсайыновтар əулеті атынан аудандық орталықтандырылған моделдік кітапханаға 1948 жылы жарық көрген Абайдың шығармаларын тарту етті. Сонымен бірге Темір Нағымұлы «Үздік баспа жарияланған үшін» Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Парламент сөзі» сыйлығының иегері болғаны белгілі. Бауырлары мен ұлы «Парламент сөзі» марапатын аудандық музейге табыстады. Кешті əсерлі жүргізген Сағынтай Орынғалиұлына Құсайыновтар отбасы иығына шапан жауып, естелік сыйлық сыйлады.
Халық "Egemendi" іздесе Темірді бірге іздейді. Өзінің саналы ғұмырында еліне қызмет жасаған белгілі қаламгер, талантты журналист Темір Құсайынның есімі жерлестерінің есінде ұзақ сақталады.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz