Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттігіміздің іргетасы, еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының басты тірегі. Ол – барша азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, демократиялық даму жолымыздың нық бағдары. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция – біздің бірлігі жарасқан қоғамымыздың алтын арқауы, кемел келешекке бастар сенімді сүрлеу.

Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол – күнделікті өмірімізге бағыт-бағдар беретін, әрбір азаматтың құқығын қорғайтын, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді байланысты реттейтін басты құжат. Бүгінде бұл құжат тек ағымдағы мәселелерді шешіп қана қоймай, стратегиялық сипаттағы түбегейлі өзгерістерге де жол ашады. Жылдар өте келе еліміздің басты заңы уақыт талабына сай жаңарып келеді. Конституцияға енгізілген өзгерістер ел дамуының жаңа кезеңдеріне сай келіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, халықтың мүддесін қорғауға бағытталған. Мысалы, соңғы жылдары енгізілген өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, азаматтардың саяси қатысу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашты.
Ата Заңымызда көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық. Бұл қағидат еліміздегі демократиялық дамудың басты ұстанымы болып табылады. Мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелер тек демократиялық әдістермен шешілуі тиіс. Бұған айқын дәлел – соңғы жылдары өткен республикалық референдумдар. Атап айтсақ, 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген референдум – ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл науқан халықтың ел болашағына деген сенімділігін және белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті.
Сондай-ақ Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, республикалық референдумдарға қатысуға толық құқығы бар. Бұл – халықтың өз тағдырын өзі айқындай алатынын көрсететін басты көрсеткіш.
Алайда, заңнамаға сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумдарға қатысу құқығынан айырылады. Бұл да Конституцияның құқықтық тәртіп пен әділеттілікті сақтау қағидаттарын көздейтінін көрсетеді. Әрбір азамат Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай орындауға міндетті. Сонымен қатар, өзге адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу – баршаға ортақ парыз.
Сайлау жүйесі – Конституцияда белгіленген саяси құқықтарды жүзеге асырудың нақты механизмі. Ауданымызда Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары мен аудан, ауыл әкімдерін сайлау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары өткен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды қадам болды. Бұл сайлаулар арқылы халық өзінің өмір сүру ортасын басқаруға тікелей араласу мүмкіндігіне ие болды.
Сайланған әкімдердің, депутаттардың құзыреттері – халық алдындағы жауапкершілікпен тығыз байланысты. Олар өз қызметтерінде халық мүддесін қорғап, жергілікті мәселелерді шешуге белсене араласуы тиіс.
Бүгінде әділетті Қазақстан құру жолында ең басты негіз – заң мен тәртіп. Заң үстемдігі – әділ қоғамның басты өлшемі. Сондықтан да әрбір азамат құқықтық мәдениетті арттырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы қажет.
Конституция күні – әрбір азамат үшін Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін бағамдайтын, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін маңызды мереке. Осы мерекеге орай баршаңызды елдік пен бірлікке үндейтін ортақ құндылықтарымызды құрметтеуге шақырамын!
Есенжол Ғабдраш,
Қаратөбе ауданының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы