28.05.2022, 19:03
Оқылды: 53

Конституциялық реформаның маңызы зор

Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Еділ Мамытбеков келді. Олар бірқатар ауылдық округтерде болып, ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Конституциялық реформалар туралы ой-пікірлерін айтты.

IMG-20220528-WA0044

Сенаторлар сапары Белес мектеп-балабақша кешенінен басталды. Білім ұясында болған жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов мәртебелі меймандарға "Қош келдіңіз" айтып, жұртшылық өкілдерінде референдумға байланысты сұрақтар болса, депутаттарға қоюға болатынын жеткізді.

IMG-20220528-WA0045

- Біз негізінен Батыс Қазақстан облысына Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік бойынша комитетінің жиынын өткізуге келдік. Онда облыстағы жол мәселесін талқыладық. Жиналысымыз аяқталған соң, аудан-ауылдарға шығып, ел-жұртқа Конституциялық реформалардың жай-жапсарын түсіндіріп жүрген жайымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, ҚР Президенті биылғы өз Жолдауында Конситуциялық реформа туралы баяндаған еді. Оның саяси мәні суперпрезиденттіктен мықты Парламенті бар президенттік басқару үлгісіне ауысуында. Яғни бұрын Президент құзырындағы биліктің біразын енді Парламентке беру көзделуде. Сөйтіп бұрын жылдар бойы айтылып келген демократияландыру үрдісі енді іс жүзінде жүзеге аспақшы. Мұның бәрі қоғамның сұранысына байланысты қолға алынуда. Бәрі де жаңа Қазақстанды құруға бағытталған,- деді Ерік Сұлтанов.

IMG-20220528-WA0042

Өз кезегінде сөз алған Белес мектеп-балабақша кешенінің директоры Азамат Маемиров педагогтар қауымы Мемлекет басшысы ұсынып отырған Конституциялық реформаларды толығымен қолдайтынын, маусымды өтетін жалпыхалықтық референдумға бір кісідей баратынын жеткізді.

Ауыл ақсақалы Рахимолла Рахметуллин ақпарат құралдарында «Референдум-2022» айдарында беріліп жатқан материалдар арқылы бұл саяси науқаннан хабардар екенін білдірді. Еңбек ардагерінің ойынша, Президенттің еш партияда болмауы және оның жақын туыстарының билік құрылымдарына тартылмауы оның көңілінен шыққан. Сондай-ақ ауыл, аудан әкімдерін сайлауын да қолдайтынын жеткізді.

IMG-20220528-WA0046

Переметный ауылындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде сенатор Еділ Мамытбеков сенбі, яғни демалыс күнге қарамай өздерімен кездесуге келген тұрғындарға ризашылығын білдірді.

«Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу халықтың мұң-мұқтажы мен демократия мен әділдікке сай лайықты өмір мен лайықты еңбекке байланысты қолға алынып отыр. Дамыған елдердің өздері конституциялық канондар мен қағидаттарын бірден бекіткен жоқ,-деді Еділ Құламқадырұлы.

-Конституциядағы өзгеріс бірінші кезекте елдегі билік жүйесін ұйымдастыруға ықпалын тигізеді. Ең маңызды өзгерістің бірі 6-бапқа қатысты. Қазір онда «Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады» деп жазулы тұр, енді оны халықтың меншігіне беру жоспарлануда».

IMG-20220528-WA0043

Содан соң халық қалаулылары Атамекен ауылық округінде болды. Сенаторлар егістік алқабында «Авангард» ЖШС-ның еңбеккерлерімен жүздесті. Диқандар ауыл еңбеккерлерін қолдау бағытында алынып жатқан іс-шараларға риза екендерін жеткізді. Қиындық қай кезде болған, тек оны еңсере білу керек. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс жүруде. Оны олар сезініп жатыр. 35 гектар жерге дәнді дақылдар мен мал азығын егіп жатқан «авангардтықтар» Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру идеясын толықтай қолдайтынын, референдумға қатысатындарын мәлімдеді.

Сәкен Әбілхалықов,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале