29.08.2023, 18:48
Оқылды: 73

Қонысың құтты болсын, Алғабас мәдениеті!

Бүгін Сырым ауданы, Алғабас ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі пайдалануға берілді. Алғабастық ағайынның қуанышы ҚР Конституциясы күнімен ұштасты.

photo-output
Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.
- Әлеуметтік нысандардың жұмыс сапасының артуы - тұрғындар үшін өмірді қолайлы етеді. Алғабастағы мәдениет ошағы “Ауыл - ел бесігі” бағдарламасы аясында жөнделді. Халық үшін құтты шаңырақ, өнерпаздар үшін берекелі мекен болсын! Биыл Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылында да клуб құрылысы басталды. Өнерге қолдау жалғаса береді. - деді аудан әкімі.
Иә, мәдениет үйі - ауылдағы жұрттың ақ жайлауы, өнердің ордасы, өмірдің ортасы. Алғабас ауылдық мәдениет үйі жұмысын 1975 жылы бастаған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында қаңырап, сахнасында көгершіндер “концерт қойған” кездері де болды. Бірақ, өнер сүйетін ауыл терезесін шақпады, шатырын сөкпеді. Ғимарат Тәуелсіздік жылдарының елең - алаңында бірер мәрте жөнделген - ді. Осы жолы мәдениет үйі толықтай жаңарды. Шатыр, сахна, еден ауыстырылды. Сахна талаптарына сай жарық қойылды. Жаңа дуал тұрғызылып, өрнектас төселді.
270 адамға арналған көрермен залынан бөлек, ғимаратта модельдік кітапхана және күрес залы орналасқан. Қысқасын айтқанда, Алғабас жоғары деңгейлі кез - келген шараны қабылдауға дайын.
Жобаның жалпы құны 93 млн теңгені құрайды.
IMG_5235
Жаңа сахнада ҚР Конституциясы күніне арналған концерті өтті. Ауыл көркемөнерпаздарымен бірге ҚР Тұңғыш Президентінің Құрмет Грамотасының иегері, барқыт баритон үнді Төлеген Есмұханов, Кенжебаевтар отбасылық ансамблі, Армат Алдамжаров, Мерген Мұқанов, Сәлімжан Әубәкіров секілді дәстүрлі әндерді орындаушылар және белгілі әнші Нұрлыбек Байниязов өнер көрсетті.
IMG_5279
IMG_5265
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале