Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығындағы тұрғындармен есептік кездесу жиынына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Медет Мырзаш, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Бағдат Сыдықов, аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Сәбит Өмірзақов қатысты.
Округ әкімі Ерлан Журалиевтің халық алдында жасаған хабарламасындағы деректерге сүйенсек, бұған дейінгі жиындарда көтерілген мәселелердің орындалуы, сондай-ақ алдағы атқарылар жұмыстар деңгейі сөз болды.
Мәселен, Ерлан Шалбайұлының айтуынша, округтегі 5 елді мекенде 1008 тұрғын өздерінше тірлік қамын жасауда. Ал, осы кезеңге дейін 9 отбасына (39 адам) 3011,2 млн. теңге көлемінде АӘК жәрдемақысы, 380,0 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген.
Округтегі бір қуанарлық жағдай тұрғын үйлердің 87 пайызы көгілдір отынмен толықтай қамтылған. Сондай-ақ Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылса, жыл соңына дейін Қарағанды ауылының халқы да бұл игілікке қол жеткізеді.
Округ әкімінің айтуынша, алдағы кезеңдерде елді мекендерді тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан тазалау, қалдықтар сақтайтын полигонды қоршау, елді мекендерді абаттандыру, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелер де кеңінен сөз болды.
Жиын барысында ұстаз Ғарифолла Ғабдолов, мәдениет саласының ардагері Төлеген Есмұханов электр бағандарының, сымдардың әбден тозығы жеткендігі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бағытындағы көкейде жүрген ұсынбаларын ортаға салды. Ал, жиынға арнайы қатысып, көкейде жүрген құнды ой-пікірін ортаға салған «Kazmeatindustry» ЖШС меңгерушісі Валентин Цой округтегі Аңқаты елді мекенінде келешекте 120 мың бас Романов тұқымдас қой өсіруді тұрақты қолға алып, аз қамтылған отбасылар үшін әлеуметтік дүкен ашылатындығын, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылатындығын айта келіп, нақты жобасын халыққа таныстырды.
Ал, жоба құнына келсек, 20 млрд теңге көлемінде қаржы салу көзделген. Жоба қоғамдық тыңдауға ұсынылды.
Жиын барысында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ел жағдайын көтеру, жақсарту жолында бірлік, ынтымақ қажеттігін баса айтып, халықтың саулығы үшін дәрігерлік сақтандыру қорына аударылар жарнаның маңыздылығына тоқталды.
Жергілікті жерде құс өсіру, бау-бақша баптау, етті, сүтті, малды бағуды қолға алу бағытында мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуде.
Мәселен, бұл бағытта 5-10 отбасының басын біріктіріп, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрудың маңызы өте зор.
Ал, алдағы жылдың еншісінде мемлекет тарапынан облысқа 6 млрд теңге көлеміндегі қаржы осы айтылған жұмыстарды қолға алуға бөлінбек. Міне, осы қомақты қаржыдан тиісінше үлестерін алып, кооператив құруға белсенділер шықса, әлдеқайда жақсы емес пе? Ал осы мемлекеттік бағдарламаны қолдап, бөлінгелі отырған қомақты қаржыдан тиісті үлесін алуға ниеттеніп отырған ауыл тұрғыны Жасдәурен Жақсылықовтың ісіне тек сәттілік тілеу керек. Жасдәуреннің ойы ауылдан отбасылардың басын біріктіріп, өндірістік кооператив құру, сүтті мал табынын өсіру болмақ.
Жиын соңында аудан әкімі жеке мәселесі бойынша тұрғындарды қабылдады.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz