10.11.2020, 12:49
Оқылды: 54

«Көпбалалы ана» дегенде…

Бұрын бала кезімізде 10-13 құрсақ көтерген аналарды жиі көретінбіз. Алайда оларды «көпбалалы ана» деп ешкім атын атап, түсін түстемейтін. Дүниеге осыншама сәби әкелсе де, «мен он үш бала тудым» деп «мен мұндаламай», үй тірлігін алаңсыз атқарып жүре беретін. Олар он баласын ешкімнен кем қылмай, оқуын оқытатын. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыратын. Осының бәрін ата-ана ешкімге алақан жаймай атқаратын. Ал қазір ше?

EC1B35AE-6590-4973-98B2-5575EFC1087D

Төрт-бес баланы өмірге әкеліп, біреу үшін туғандай, айнала міндетсіну бар. Кеудесін керіп, қол-аяғы балғадай болса да бір іс қылып отырған да түгі жоқ. Баланың өмірін Үкіметке артып қойып, әке-шешесі бір қызармастан сол сәбилердің жөргек пұлына, жәрдемақыларына күн көруді әдетке айналдырғалы қашан? Еш шіміркенбейді-ау!

Жалпы, Ана – әлемнің шамшырағы, бесіктің иесі, өмірдің керегесі. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген дана сөз бар. Ана туралы қалам тербемеген ақын, жазушылар жоқ болар, сірә! Кез-келген адамның сұлулығы мен жақсы қасиеттері, ең бірінші түн ұйқысын төрт бөліп аялап өсірген ана жүрегінің жылуынан бастау алады! Мінекей, ананың қасиеті осындай!

Ал қазіргі заманда «көпбалалы ана» атанған кейбір аналарымыз осыны ұғынып жатыр ма? Керісінше «Ана» деген ардақты атқа кір келтіріп, сөз ілдіріп жүр.

BCB197CC-17D5-45CD-9CD5-CEC828A495BF

Шыны керек, бүгінгі уақытта «көпбалалы ана» дегенде көз алдымызға аузынан ақ ит шығып, көк ит кіріп жүрген ана, «баламызды кім асырайды?» деп кім көрінегенмен айқайласып, ұрыссып жүрген ана елестейді. Мәселен, балаға берген ақшаны өз мақсаттарына жұмсайды да, сосын келіп «балаға жетпейді» деп байбалам салады.

Бұрын көпбалалы ана елге сыйлы, қадірлі болушы еді. Дүниеге келген сәбидің кіндігін, яки баланың тұсауын кесуді «осы көпбалалы анадай үбірлі-шүбірлі болсын» ырымдап тапсыратын. Бір сөзбен айтқанда, үлгі тұтатын! Қазір мұның жұрнағы да жоқ. «Мешкей деген жақсы атақ емес». Баланы туып алып, біреудің баласы сықылды анаған-мынаған міндеттсініп жүрген ұрысқақ анадан кім үлгі алсын?

Бүгінгі таңда дүниеге көп бала әкелген аналарға көрсетілген құрмет пен арнайы мәртебенің белгісі ретінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» деген төсбелгі бар. Бұған лайықтысы да бар, керісінше…

«Төрт баланың анасымын» деп кеуде соққандар, он үш бала туса, тіпті басымызға шығып алар? Жалпы, дүниеге бір немесе бес сәби әкелсең де, «Ана» деген абыройлы атқа күйе жақпаған жөн. Адам ұрпағымен көрікті. Олай болса, дені сау, салиқалы ұрпақ етіп тәрбилеуге күш-жігер жұмсағын. Сонда ғана «көпбалалы ана» деген атаққа әбден лайық болатынын сөзсіз. Ендеше, ұрыспай, айқайласпай, ешкіммен жаға жыртыспай, қит етсе ашуға мініп, баланың тағдырымен ойнамай, ойланып сөйлейік, көп балалы ана!

Рәзия Нықмұқановп, 10 баланың анасы:

— Шырағым-ау, бұрын біздер бала санын айтпайтын едік. Қазіргі келіндерге таңым бар, тарс еткізіп айта салады ғой. Екі бала туса болғаны,«ой, мына балаларды қалай бағамыз, шаршатып, миды ағызып жіберді» деп жаңағы екі-ақ баланы кәдімгідей көпсініп отырады. Мұндайды естіген мен ұрсып тастаймын. Өзімнің шешем 15 құрсақ көтерген екен. Өзім он бала сүйдім. Сол кезде қазіргідей витамин дегендер жоқ. Уақытымен дәрігерге барып қаралу деген, тіпті ойымызға кіріп-шықпайды. Таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүреміз, әйтеуір. Сөйткен балаларымызға еш мұқтаждық көрсетпей өсірдік. Бүгінгінің көп балалы аналары әбден тойып секіреді-ау, осы?  Алысқа бармай-ақ қояйын, өзіміздің бір құдашамыз бар. Төрт баланың анасы. Жолдасы екеуі жұмыссыз. Дендері сап-сау. Балалары әжептеуір өскен. Бір-біріне қарауға жетіп қалған. Екеуінің біреуіне қызмет қылуға болады ғой. Кішкентай балдарының жәрдемақыларына күн көріп отыр.«Біз көп балалы отбасымыз,  үкімет асырау керек» деп қояды. Үкімет асыраса,  баланы асырайды.  Ал  ата-анасына не жорық? Осындай жандардың жанымызда жүргендері мені қынжылтады.

Салтанат Көшербай, 5 баланың анасы:

— Рас, қазір көпшілік көпбалалы анаға «жақтырмай» қарайды. Сый-құрметке лайықты болмай бара жатыр. «Көпбалалы ана — сұрамсақ» деген секілді ұғым қалыптасқан. Кішкентайымыз дүниеге енді келгендіктен, баламен үйде отырмын. Жұмыста жоқпын. Жолдасым зауытта қызметте. Балаларға берілетін қаржы жетеді. Оның үстіне жолдасымның еңбекақысы бар. Шүкір, күнкөріске жетіп артылады. Қаржыны да орнымен жұмсай білу қажет. Кей замандастарым ақшаны оңды-сол шашып жүреді де, сосын «ақша жетпейді, Үкімет көмектеспейді» деп айқайға салып, жеккөрінішті болып жүр. Біздер бес баламызды Алланың берген сыйы деп қабылдадық. Оларды мемлекет асырайды деп еш уақытта біреуге қол жаймадық. Міндет те қылмадық. Әр сәби өз ырыздығымен келеді ғой. Сондықтан, әр нәрсеге сабырлы болып, шүкіршілікпен қарау қажет.

 Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале