19.06.2023, 16:30
Оқылды: 16

Көпбалалы аналар марапатталды

Алдағы уақытта аудандағы көпбалалы жанұялар қоныс тойын Егіндібұлақ, Макаров, Раздольный, Чиров, Сұлукөл, Январцев сынды шекара маңында орналасқан ауылдық округтерде тойлайды.

IMG-20230619-WA0027

Бұл туралы бүгін Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов көпбалалы аналарды марапаттау кезінде мәлімдеді. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, бұған дейін көпбалалы аналарға пәтерді Переметныйдағы екі қабатты үйден берген. Екі бөлмелі пәтер үлкен жанұя үшін тар әрі, мал ұстауға да, бақша егуге де мүмкіндік бермейтін. Ал ауылдық жерлерде мұндай олқылық болмайтыны анық.

IMG-20230619-WA0029

- Сіздер – батыр анасыздар. Қазақ халқының санын ғана өсіріп қоймай, елімізді мәңгілік ету бағытындағы іске өз үлестеріңізді қосып келе жатқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын.

Кеше, жексенбі күні елімізде алғаш рет Әке күнін атап өттік. Сол мерекемен сіздердің де өмірлік серіктеріңізді құттықтағым келеді. Бала-шағаларының жағдайын жасап отырған оларға да ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекет тарапынан сіздер секілді көпбалалы жанұяларды әлеуметтік, медициналық және өзге тұрғыдан қолдаулар көрсетілуде. Оларды өздеріңіз де сезініп жүрген шығарсыздар. Жыл өткен мұндай қолдаудың аясы кеңейе түспек. Жалпы көпбалалы отбасылардың қоғамдағы орны бөлек қой. Ауылдың берекесін келтіретін де осындай жанұялар. Шалғайлау орналасқан біздің кейбір ауылдарымыздағы мектепті жаппай, ұстап қалу мақсатында мектеп жасындағы перзенттері бар көпбалалы отбасыларды сол жаққа орналастырудамыз. Сөйтіп ол мектептерде қазақ сыныптары ашылуда. Сонымен қатар ауылдардың жолдарын да күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Егер ауылдарға қатқыл табанды жол төселсе, газ бен суы болса, ол жаққа қоныс аударағысы келетіндер табылары анық, - деген Марат Лұқпанұлы Переметный, Егіндібұлақ, Трекин ауылдық округтерінен келген көп балалы аналарды марапаттады.

«Алтын алқаға»  Переметный ауылдық округіне қарасты Болашақ ауылынан келген Анар Құбайтова мен Трекиннің Новенький ауылының тұрғыны Ақтоты Мұхитова ие болды. Ал егіндібұлақтың Әсемгүл Мұхтарова мен переметныйлық Сандуғаш Бижанова «Күміс алқамен» наградталды.

Өз кезегінде сөз алған көпбалалы аналар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен түрлі жеңілдіктер үшін алғыстарын білдіріп, бала тәрбиесіне бас мән беріп отырғандарын жеткізіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұщымды жауаптар алды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале