12.02.2025, 17:00
Оқылды: 307

Көпке танылған көшбасшы

Аз уақыттың ішінде аудан жұртшылығына белсенділігін көрсетіп, елдің жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белгілі қоғам белсендісі, бірнеше қоғамдық қызметтің тізгінін ұстаған – Дулат Мақатов. Оның есімі Жаңақалаға ғана емес, облысқа да танымал. Бұлай деуімізге дәлел де көп.

47a677dd-ff9b-477e-a305-51ad7ee791a7

Төңкерілген мұхит толқынындай өзгермелі ХХІ-ғасырда топ жарып, ел бастау оңай болмады. Көшбасшы жолы – кейінгі жастарға өнеге.  Шындығында, көшбасшылық тұлғаның қалыптасуына отбасынан бастап, одан кейінгі кезеңдердегі орталардың қай-қайсысының да әсері мол болатыны сөзсіз. Соның ішінде бұған адамның жастық шағы, жасөспірім кезеңі де үлкен рөл атқарады. Осы ретте бәсекелестіктің қызып тұрған заманында көп ішінен суырылып алға шыққан  кейіпкеріміздің өмір жолынан сөз қозғайтын боламыз.

e29208be-2e0c-4aae-a8b0-9d00cfa917b9

«Жас көшбасшы» айдарының басты кейіпкері, көпке танымал азамат, жерлесіміз Дулат Нұрланұлы 1992 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келген.  Бала күнінен зерек әрі алғыр өскен ол Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінен сауатын ашып, білім алған. Сабақ үлгерімі мен өз-өзін ұстауы да адам сүйсінерліктей. Отбасында өзінен бөлек, апасы мен інісі бар. Әкесі Нұрлан Мақатов пен анасы Ақбөкен Өтеғұлованың көзқарасынша, лидерлік қабілет пен қасиетті бойына сіңірген Дулат атадан-балаға жалғасын тауып келе жатқан еңбекорлық пен ізденімпаздықты ұштастырған. Бүгінде саяси қызметтен өз орнын тапқан ұлдарымен мақтанатындарын жеткізді.

Жары Дина Берікқызымен отасқанына биыл екінші жыл. Бүгінде жас отбасы 4 айлық Медина есімді сәбидің ата-анасы.

Ол 2010-2014 жылдар аралығында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінде мұнай және газ ісі мамандығын, 2011-2013 жылдары Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде «Кәсіби коммуникация саласындағы аудармашы» кәсіптік оқыту бағдарламасын меңгерген. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде 2019-2021 жылдары құқықтану мамандығын бітірген.  Сонымен қатар,  біліктілікті арттыру курстары мен семинарларға және қосымша тағылымдамаларға үзбей қатысады.

f046648e-b758-4c31-8c1f-a3c9c9ccfcbe

Алғашқы еңбек жолын  2014-2015 жылдары газ қазандығының операторы,  күзетші ретінде бастаған Дулат «PSI Services» ЖШС-інде инженер, мұнай-газ секторында техник қызметін атқарған. 2023 жылдың маусым айында RESPUBLICA партиясының Батыс Қазақстан облыстық филилалының ресми өкілі болып жұмысқа орналасқан. 2024 жылдың маусым айынан аталмыш мекемеде бері төраға қызметін атқарады. Сонымен қатар, 2021-2023 жылдары аралығында аудан көлемінде VII шақырылым депутаты болды.

Бос  уақытында жеңіл атлетикамен шұғылданғанды ұнататын жас жанашыр 2022 жылы Шымкент қаласында парашютті меңгерген. Онымен тоқтап қалмай, аудан және облыс көлемінде өткізіліп жүрген бұқаралық спорт түрлеріне белсене үлес қосады.

- Өзім мұнай-газ саласының маманымын. Осы бағытта 10 жылдай қызмет атқардым. 2017 жылы «Бірлік» еріктілер тобын құрып, қайырымдылық бағытында  үлкен жұмыстар атқарып бастадық.  2020 жылы атқарған жұмысым еленіп, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне қоғамдық қызметке алды. Барлық жетістіктеріміз бен марапаттарымыз осы қоғамдық қызметтің арқасында деп білемін.  Келешек жастарымызды тынбай еңбек етуге шақырамын. Үлкен арман-мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетуге аянбай тер төксе деймін. Жеңіл ақшаға емес, таза еңбекпен келетін табысты көздегені дұрыс. Талмай еңбек етіп, бірнеше орында жұмыс жасаудың нәтижесінде өзімді үздік көшбасшы қатарындамын деп санаймын. Қандай да саяси партия немесе ұйым болса да барлығының мақсаты бір деп ойлап ойлаймын. Оның ішіне, елдің болашағы үшін қызмет ету, халықтың тұрмысын жоғарылату мақсатында түйіні шешілмей жүрген мәселелерді қолға алу және оны шешу, кәсіпкерлік саласындағы сауалдар, сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жұмыстану кіреді.  «Болар елдің жігіттері бірін бірі батыр дейді» демекші, кіндік қаным тамған ауылымның тұрғындары мені мақтан тұтса одан асқан абырой бар ма,  - дейді қоғам белсендісі Дулат Мақатов.

cdc8a427-942c-432c-879f-56609ecb00ff

Иә, жақсының жақсылығын айт дегендей, аталмыш қоғам белсендісі ел басына күн туғанда да халық қамын жеген бірден бір азамат. Олай деуімізге дәлел, бірлігі бекем ел үшін азаматтық борышын өтеген Дулат Нұрланұлы су тасқыны мен табиғи апаттағы сындарлы сағатта сыналған жұртшылыққа гуманитарлық көмегін тигізді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, игі іске ұйытқы болып, қолдау көрсеткен жомарт жанға халық дән риза.

Сөзіміз нақты болу үшін дәлелге жүгінсек, еңбегі еленген жас саясаткер «Халық алғысы», «Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталып, 2020 жылы халықаралық «Жыл волонтеры» сыйлығының жеңімпазы болып табылады. Иә, жіпке тізгендей айта берсең, марапат иесінің төсіне қадалған белгі де, еншісіне бұйырған алғыс та таусылмасы анық. Дей тұрғанмен қоғам игілігі үшін қызмет қылған азаматтың еңбегі бағаланса қолпаштайтын жұртшылық табылары сөзсіз.

Алдағы уақытта да «жас көшбасшының» халыққа тигізер амалдары мен көрсетер пайдалы істері мұнымен таусылар емес. «Көмек қолын созу – біздің қазақтың қанына біткен құбылыс» дейді бүгінгі күннің батыры.

Бойына көшбасшылық қабілеттер мен мінез-құлық ерекшеліктерін жинаған адам жерде қалмасы анық. Шынымен талабы таудай азаматтың жастармен бірлесе жұмыс істейтін салаға келуі де заңдылық меніңше. Өйткені қоғамға Дулат Нұрланұлы секілді оперативті жұмыс істей алатын, сөзі нық, ойы мен ісі қабысатын, өзіндік көзқарасы бар, сауатты мамандар керегі айдан анық. Жүзі жарқын, ісіне адал оның жастармен тіл табыса алатын мінезі оны осы салаға әдейі әкелгендей. Сөз соңында «Жақсылықтың жаршысы болайық» деп қорытындылады.

Алдағы уақытта кезекті сандарымыздан «Жас көшбасшы» айдарында көш бастау жолында аянбай тер төгіп жүрген Жаңақала жастарын кездестіретін боласыздар.

Ақерке Ғилымхан, 

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале