Мемлекеттік қызметшінің адами ажарына, елжандылығына, кәсібилігіне зор талап – мына дәуіріміздің бір үлкен ерекшелігі. Демек, сол қатардағыларға сынақ та, сын көз де жетіп жатыр. Олар да, әрине, тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге шыңдалып келеді.
Уақыт ағымы халықты жұмыспен қамту мәселесін, әлеуметтік саланы ең алдыңғы кезекке шығарып отырғаны мәлім. Сондықтан тиісті саладағы қызметкерлерге жүктелген міндеттің жауаптылығын да, ауыртпалығын да сезіну аса қиын емес. Бұл таңда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үшін іс-қимылдың мәні де, ауқымы да өткен жылдармен салыстырғанда тіпті әлдеқайда өзгеше-ақ. Қауырт қам-қарекеттің түпкі ұшы отбасылардың береке-бірлігіне, тұрғындардың ертеңге деген сеніміне тіреліп жатады. Демек, аталмыш бөлімдегілердің біліктілігі де, мәдениеттілігі де, сайып келгенде, кәсіби алғырлығы да соған сай болуы керек. Ал әр ұйым, мекемені өрге сүйреген шамшырақтары болатыны секілді, мұндағылар да өз үздіктерімен орынды түрде мақтанады.
Ақжайық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Мәншүк Байбарақованы ауданымыздағы елді мекендер жұрты жақсы біледі десек, ешбір артық айтқанымыз емес. Өйткені, күнделікті қат-қабат жұмыс барысында Мәншүк Ғалиарыстанқызы ондаған адаммен дидарласып, алуан өтініш, сауалмен, мұң-мұқтажбен ұшырасады. Салмағы күрделіліктер де болмай тұра ма?! Оның үстіне жұмыспен қамту немесе әлеуметтік қолдау жөнінде бағдарламаларды, ережелерді ұғындыру, ауылдарға сапарлар, түрлі анықтамалар даярлау – мұның бәрінде сағатпен санаспайтын адал еңбек, қажыр-қайрат қажет. Сонымен қатар халықпен күнбе-күнгі қарым-қатыс тиісті заңнамадан жақсы хабардар болуды тағы мықты талап ететінін айтып жату артық шығар.
Осындай қым-қуыт тірлікте М.Байбарақоваға бөлімдегі 14 жылда жинақтаған тәжірибесі берік сүйеніш саналады. Тәжірибе дегеніміз өзіңді-өзің тәрбиелеуден, ізденістен, оқып-тоқудан, маңайыңдағылармен ақылдасудан құралатыны белгілі. Сондықтан ауданымыздың Ақсуат ауылында дүниеге келген Мәншүк туралы бүгінгі баянымызды әуел бастан бастасақ...
Мектепті үздік аяқтаған бойжеткеннің алдында мамандық таңдауда еш қиындық туындаған жоқ. Есеп-қисапқа жүйрік ол 2007 жылы Орал қаржы-экономикалық колледжін «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдап, артынан Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білімін жетілдіреді.
Жас есепші және жоғары білімді экономисті сол кездің өзінде бір ерекше қасиет даралайтын – үзбей ізденіс арқылы адаммен қарым-қатыс өнерін игеруге ұмтылыс. Ал бұл өнердің қыр-сыры шексіз екені біз айтпасақ та, түсінікті. Содан шығар, еңбек жолын туған ауылы Ақсуатта мүгедектігі бар балаларға үйден арнаулы қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкер боп тағайындалғанда, өзінің қамқорлығындағы ұл-қыз бен олардың ата-аналарының алғысын иеленді.
Көп уақыт өткен де жоқ, осы қызметтегі 4 айдың ішінде өзгеге жанашыр жас маманның елгезектігі, кәсібіне алғырлығы, зейін-қабілеті жөнінде аудандағылар біліп, оны жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жетекші маман етіп жұмысқа қабылдайды. Осы 14 жылдың ішінде М.Ғалиарыстанқызы сол жетекші маманнан бас маман, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімі бас маманы қызметтерін абыроймен атқарып, 2021 жылы сектор меңгерушісі болып тағайындалды.
Мәншүктің еңбегін осы ретте қызметтегі жылдарымен емес, өзгенің жай-күйіне бейжай қарай алмайтын мемлекеттік қызметші қол жеткізген көрсеткіштерімен бағалай аламыз. Ол әлеуметтік салада мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және ауыл-елдің экономикалық-әлеуметтік өркендеуінде бағдар қылған мақсат-межелердің орындалуына қол жеткізді.
Атап айтсақ, маман халықтың аз қамтылған бөлігіне қолдау көрсетіп, бөлімде ұсынылатын «Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау», «Ақталған адамға куәлік беру», «Мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу», «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Бөлім бойынша кадр жұмыстарын жүргізу, өзге де міндеттер жүктелгенін де атап өтейік.
Бөлім арқылы, айталық, 2020-2024 жылдар аралығында аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың саны 227, ондағы адам саны 1 236 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 504 адамы бар 94 отбасыға дейін азайды. Бұдан да зор дерек – бүгінде Ақсуат, Базаршолан, Көнеккеткен ауылдық округтерінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар жоқ. Биыл санаторийлік-курорттық емделуге 82 мүгедектігі бар адамнан өтінім түссе, олардың 58-і Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ем алып қайтты. Тағы 24 адам жыл соңына дейін санаторийлік еммен қамтылмақ.
Біз келтіріп отырған тек бірен-саран бұл деректердің артында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, мүмкіндігі шектеулілердің жағдайын жақсартуға бағытталған қыруар қам-қарекет жатыр.
Соның бәрінде сектор меңгерушісі М.Байбарақованың қолтаңбасы айтулы-ақ. Жоғарыда мұндай қызметкерлерді мекеменің лайықты мақтаныш тұтатынын айттық. Бұл үйреншікті дағдымен айтыла салған сөз емес. Түрлі жылдарда ол бөлім басшысының, аудан әкімінің алғысхаттарымен, сонымен қатар «Қызмет» БҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Тағы бір құрмет – 2016 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатымен және әлеуметтік саладағы үздік қызметі үшін 2022 жылы министрдің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бөлімнің мақтанышын тек қызметте ғана үздік десеңіз, қателесесіз. М.Байбарақова жұмысымен қатар спортты да жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Ол 2022 жылы облыстық мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спартакиадада тоғызқұмалақ ойыны бойынша командалық есепте ІІІ орын, 2023 жылы облыстық мемлекеттік қызметшілер арасында өткен жарыста жүзуден ІІІ орынды иеленсе, биыл осы спорт түрінен ІІ орын иеленді. Сөйтіп тұтас ұжымның, сонымен қатар ауданның мерейін өсірді.
Бөлім бойынша мүгедектігі бар адамдармен жұмыс және әлеуметтік төлемдер бойынша жұмыстарға жетекшілік ететін М.Ғалиарыстанқызы жұмыс сапарын айтпағанда, жеке қабылдауға келген аудан тұрғындарымен дидарласып, заң шеңберіндегі әлеметтік қолдауларды халыққа жеткізеді. Қарбаласқа толы әр күн өзінің тағатсыз тынысын, қызығын да ұсынып жатады.
Мемлекеттік қызметтің тегеуріні осындай.
Маңдайалды осындай еңбеккерлер бар жерде өмірдің игі өзгерістері молая берері шүбәсіз.
Әсия Шырай
Ақжайық ауданы