Басшысы дана болса елі азбайды. Мұны өмірден көріп келеміз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та халқының бақыты үшін туған адам деп есептеймін. Кешегі қиын кезеңнен елін аман алып шыққан Елбасымыз оны дамыған елдердің қатарына қосу үшін де үлкен көрегендікпен іс атқарып келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты мақаласы - осының тағы бір көрінісі.
Бұл жолы Елбасымыз рухани жаңартуды міндет етіп қойып отыр. Бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең, күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүние рухани жаңаруымызды қажет етуде. Бағасын жоймайтын ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, өркениетке ұмтылған көшімізді тежейтін ескірген әдеттерден арылу керектігі орынды.
Ұлы көшке ілесу үшін білім керек. Жаңа технологияны меңгеру, шет тілін біліп, әлем халықтарының озық істерін үйрену қажеттігін Елбасы сөзінде арқау етіпті.
Иә, бүгінгі жарқын тұрмысымызға оңай жеткен жоқпыз. Бұл жолда жоғалтқанымызда аз болған жоқ. Солақай саясаттың зардабын да аз шекпедік. «Шөбі мал тұяғымен ғана тапталған қазақ даласының құнарлығы құрдымға кетті. Түгін тартсақ майы шығатын мыңдаған гектар миялы жеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды» деп Президентіміз ащы шындықты тебірене айтыпты. Біз бұл қасіретке куә болған адамдармыз. Ауданның біраз жері сынақ аймағына айналды. Жеріміз ғана емес, халқымыз да бұдан қанша қиындық көрді.
Бұрын аудан жерінен өтетін өзен-көлдер жылда тасып, арнасын толтырып, балыққа та, аң-құсқа та бай аймақ едік. Қазір ше? Өзен бастауларынан салынған сансыз бөгеттер кесірінен көлдерімізге су келмейді. Құнарлы Қамыс-Самар көлдері құрғап, жағалай қонар ел көшіп кетті. Күні бүгін Көпжасар көлдері де сусыз сорға айналды. Көлдерге судың түспеуі жерасты суының қашуына себеп болды. Бұрынғы бір отар малға суы ортаймайтын шыңырау құдықтар кеуіп қалды. Елбасымыздың сөзі осы шерімізді қозғады.
Мақаладағы «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» туралы айтылғандарды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Таяу жылдардағы міндеттерді де айқын саралап беріпті. Мемлекеттің міндеті де нақты көрсетілген.
Қысқасы, Елбасының бұл мақаласы да көптің көңілінен шықты.
Арыстанғали ҚОЙЫСОВ,
соғыс және еңбек ардагері
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz