Кеше күй анасы Дина Нұрпейісованың есімін халық санасына мұра қып қалдыру, күй мұрасын, орындау шеберлігін жас ұрпаққа жеткізу, талантты жастардың дәстүрлі музыкадағы шеберлігін шыңдау және өнер әлемінде жас домбырашылардың есімдерін ашу мақсатында «Күй қайнар» атты жас домбырашылар байқауы өтті.
Алдымен байқауға келген қонақтар Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-не аялдап, мектеп музейімен танысып, кейін ауылдық мәдениет үйінде ақ жаулықты әжелер қонақтарды дәммен қарсылады. Ұлы күйші атындағы аудандық өнер тарихы музейінің меңгерушісі Сымбат Талғатқызы Дина әжемізге қатысты деректермен бөліскен соң ауыл ақсақалы Аманжан Салауатұлы жас таланттарға ақ батасын берді.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздар бөлімінің меңгерушісі, үздік мәдениет қызметкері, Халық аспаптар оркестрінің жетекшісі, жоғары санатты мәдениет қызметкері домбырашы Нұржан Отарбаев, Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің директоры, педагог сарапшы Орынай Сапарова, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртісі, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты, домбырашы Берік Шаймарданов, аудандық мәдени – демалыс орталығы жанынан құрылған Халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі, І санатты мәдениет қызметкері, домбырашы
Болатбек Өтешқалиев қазылық еткен байқауда кіші топ (7 - 9 жас) «Бастау» домбырашылар ансамблі өз қалаулары бойынша 1 күй, орта топ (10 – 13 жас), «Қос домбыра» өз қалаулары бойынша қос дауыста 2 күй, үлкен топ (14 – 16 жас) «Аңыз күйлер» өз қалаулары бойынша 1 күйді тарихымен баяндай отыра және Дина Нұрпейісованың 1 күйін орындады.
Байқау қорытындысы бойынша кіші топ 7-9 жас ерекшелігінде 1-орын Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің оқушылары Әмір Серік, Нұрәлы Сидеғали, Инабат Аманжол, Гүлім Ержан, Ару Қасиден, Әлия Аманғали (Жетекшісі Дәулет Жұбанов) иеленсе,2-орынға Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары Дастан Ердәулет пен Кәусар Мұрат (Жетекшісі Дархан Каберов) лайық деп танылды.

Орта топ 10-13 жас ерекшелігінде 1-орынды Қызылоба ауылының Жанерке Бекбау, Гүлханым Зинуллина есімді өрендер (жетекшісі Мұмамедияр Таңатаров)жеңіп алса, Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары Нұрғиса Батырхан мен Әлия Мергенғали (жетекшісі Амангүл Сисенова) 2-орынның жүлдегері атанды. 3-орын Жаңақала ауылынан Темірлан Бауыржан, Сезім Серік, Бексұлтан Жанболатұлы, Аяулым Ижан, Меруерт Хамза, Інжу Сағындық (жетекшісі Ханзада Бисенғалиева) және Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің оқушылары Айерке Төлеген, Кәусар Исатай (жетекшісі Дәулет Жұбанов) бұйырды. Үлкен топ 14-16 жас ерекшелігінде Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Шынар Қабен 1-орынның биігінен көрінсе(жетекшісі Амангүл Сисенова), 2-орынды Пятимар ауылынан келген Бекзат Сарсенбиев (жетекшісі Саадат Сағадатұлы) иеленді.

Ал Жаңақазан ауылынан Кәусар Жандосқызы 3-орыннан табылды(жетекшісі Нұрлан Хамзин). Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Зинелов А», «Бисенғалиев», «Бейбит», «Қоңыр», «Мейірлан», «Суйнов Ж.К», «Мұрагер», «Жаныс», «Сисенов», «Абуғали Ш.И», «Аңсар», «Оразғали», «Иман» шаруа қожалықтары байқау жүлдегерлеріне қаржылай қолдау танытты.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы