Осыдан 30 жыл бұрын салынып, пайдалануға берілген Жаңақала ауданындағы Көпжасар ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті.
Биыл мекеме ғимаратын жөндеуден өткізуге облыстық қазынадан 68142241,44 теңге бөлініп, жұмысты Сәбит Бекқалиев басшылық жасайтын «Бекқалиев» жеке кәсіпкерлігінің құрылысшылары маусым айынан бастап қолға алды.
Тозығы жеткен ғимарат қайта жаңарып, ақ халатты абзал жандардың алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызды.
Жаңартылған мекеме салтанатты түрде ашылды. Жиында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин жергілікті халықты қуанышымен құттықтады. Емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер Сәбит Рахметұлына алғыс хат табыстады.
Мұнан соң Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжан Салауатов нысанның жаңа сипатқа ие болуына мұрындық болған басшылыққа және жөндеу жұмысын жүргізген мердігерге ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Одан әрі мердігер Сәбит Рахметұлы құттықтауын жеткізді.
Жиыннан соң қонақтар күрделі жөндеуден өткен ғимарат ішін аралады.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер