Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылдық округінде мектепті тәмамдағанына 30 және 40 жыл толған түлектер ауылдарына киіз үй мен домбыра мүсінін тарту етті.

Д.Нұрпейісова атыгдағы ЖОББМ-не қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізіліп жатқандықтан, 30 және 40 жылдық түлектер мектеп интернатында бас қосып, сағыныса қауышты. Ұстаздарына алғысын арқалай келген түлектер кезінде өздері отырған парталарына жайғасып, балалық шақтың бал күндерін еске алды. Архивтен арнайы шығарылған, 40 жыл бойы сақталған сынып журналындағы бағаларын көріп, жеке құжаттарымен қайта танысты. Сондай-ақ, мектеп қабырғасындағы естен кетпес сәттер мен қазіргі өмірдегі жетістіктерінен құралған бейнебаянды тамашалап, жүрек толқытар сәттерді бастан өткерді.

Ресми шара ауылдық мәдениет үйі алдында жалғасып, түлектер тарту еткен киіз үйдің лентасы салтанатты түрде қиылды. Қонақтар ұлттық нақышта безендірілген киіз үй ішіне кіріп, ақ пен бауырсақтан дәм татты.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев түлектерді игі бастамалары үшін құттықтап, елге үлгі боларлық іс жасағандарына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, келесі оқу жылына дейін мектептің күрделі жөндеуі толық аяқталып, заман талабына сай оқу ордасы болатынын жеткізді. Келесі болып сөз алған округ әкімі Нұрбол Бектілеу түлектерге «қош келдіңіз» айтып, ауылға тартуы мен жанашырлығы үшін алғысхат табыстады.
40 жылдық түлектер атынан сөз алған Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарма төрағасы Ажар Ғинаят мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттерін, қалам ұстатқан ұстаздарын тебіреніспен еске алды: -Бірінші – ата-анамыздың тәрбиесі, екінші – ұстаздарымыздың берген білімі мен тәлімі арқасында таңдаған мамандығымның биік шыңдарына шығып, белестерін алдым. Мұның бәрін туған жерімнің киесі деп білемін,– деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Ал ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда өз кезегінде мектеп кітапханасына соңғы жазған романдарын тарту етіп, мектеп директоры Гүлбар Шуақбаеваға табыс етті.
30, 40 жылдық түлектер де білім нәрімен сусындатқан, бүгінде өмірден өткен ұстаздары мен құрдастарын сағына еске алды. Сонымен қатар, білім беріп, бағыт-бағдар сілтеген Өмірзақ Тұрақбайұлы, Назымсұлу Өтешқызы, Әдемі Мақымғалиқызы, Мақуза Қайратқызы, Гүлжиян Файзоллақызы, Шәрипа Төрағалиқызы сынды ұстаздарға алғысхат пен «Ұстазға тағзым» кәдесыйларын табыстап, құрмет көрсетті.
Одан әрі мәдениет үйіндегі музейді аралап, естелік суретке түсумен шара аяқталды.

Бүгінгі сыйға тартылған киіз үй мен домбыра мүсіні ауыл руханиятын ұлықтауға, жас ұрпаққа тағылым боларлық игі істердің бірі болып, түлектердің туған жерге деген құрметі мен перзенттік парызын көрсетеді.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы