22.03.2025, 10:30
Оқылды: 31

Қорамсаққа қол салған

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақ атуды және атқа мінуді үйреніңдер», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақ ату турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтқан: «Расында, күш – садақ атуда». Сондықтан асыл дінімізде садақ ату-сүннет амалдардың біріне жатады.

Тас дәуірінен ежелгі адамдардың аң аулау және соғыс ісінде пайдаланатын қару түрлерінің бірегейі ол садақ. Байырғы жұрт садақты жасалған материалына, түр-түсіне, сыртқы тәртесінің көркемделуіне, бітім-пошымына байланысты түрлі атаулар берген.

Бұл қару жаугершілік заманындағы батырлардың қолын ұзартқан құнды дүние.Бұл сөзімізге Махамбет Өтемісұлының “Бірсіндеп садақ асынған,Біріндеп жауды қашырған.Қорамсаққа қол салған,Қозы жауырын оқ алған,Атқан оғы жоғалған,Еділде тұрып оқ атса,Жайыққа оғын жоғалтқан.Жайықта тұрып сырқаса,Еділге оғын жоғалтқан. - деп, келтірген өлең үзінділері арқау болады.

Иә, садақ ату - сүннет. Садақ ату - спорт. Садақ ату - өнер. Сақ пен ғұннан бері жоғалмай бес қарудың бірі болған осы ұлы мұраның бүгінгі бағасы қандай? Сіз Жымпитылық мерген Мұрат Лұқпановты танисыз ба?

IMG-20250319-WA0052

Бүгінде садақ атудан аймақтық, облыс көлеміндегі бірнеше сайыстардың жеңімпазы атанып үлгерген Мұрат Серікұлы Жаһанша Досмұхамедов атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.Ол ұстадық ұлы жолда 25 жылға жуық уақыт қызмет атқарды.

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын облыс көлемінде садақ атудан үлкен сайыс болды. Қорамсақты белге байлап, Сырым ауданының намысын қорғауға Мұрат Лұқпанов барды Жымпитыдан. Бұл сайыс мергеннің қадам алды алғашқы сайысы болған еді. Яғни, садақ ату спортына деген махаббат осы жерден басталды. Айтуынша, мергеннің алғашқы жебесінің ысқырғанына бір жыл үш ай уақыт өтіпті. Иә, аса көп уақыт емес.Бірақ, бұл уақыт аралығындағы Мұраттың жетістіктеріне саусақ саны жетпейді.

Мұрат садақ ату өнеріне өзінің отбасын да баулиды. Өмірлік жары Гүлайым ханым қазірде қыруар сайыстың ноқтасын түрген кәсіпқой мерген. Артынан ерген 2 ұл, 3 қызы бар Мұраттың. Садақ ату балаларының да сүйікті ісіне айналған. Яғни, отбасылық спорт.

Садақ атуға қызығушылық білдіретін жандар болса, Мұраттың ықыласы ыстық. Үйретуге, көрсетуге әсте әзір. Артынан ерген шәкірттері де жоқ емес. Сырлыбай Ғалымжанов өткен айда дәстүрлі садақ атудан Батыс Қазақстан облысының чемпионы атанып, Азия кубогі чемпионатында өнер көрсеткен болатын.

-“Садақ атуға қызығушылық білдіретін жандар көп. Алайда, үлкен нәтиже көрсетіп, жоғары деңгейде өнер көрсету үшін кәсіби садақ, стандартқа сай жебелер қажет.Одан бөлек садақ ату үйірмесі ашылып, жылына кемінде бір рет ауданымызда садақ атудан байқау өткізілер болса, ұлттық спортымыздың деңгейі шарықтар еді. Мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл істі өз қолыма аламын.” -деп, қынжылды ұстаз.

Осы уақытқа дейіңгі түрлі сайыстар, жеткен жетістіктер сырымдық садақшылардың өз қалтасына соғып келген болатын. Мергендердің мерейін өсіретін уақыт келген секілді. Сіз қалай ойлайсыз оқырман?

Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале