Бүгін Тасқала ауданында Көрісу мерекесіне орай ерекше шара ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева бастаған бірқатар мекеме басшылары қарияларды арнайы құттықтап, мерекелік дастархан басында бас қосты.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясының Тасқала аудандық филиалының төрайымы Люция Жұбанышқалиева, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ганмирлан Тұрғаналиев және Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Дәурен Нұрғожа қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы алғашқы құттықтау сөзін сөйлеп, қарияларға жылы лебізін білдірді. Ол Көрісу мерекесінің бірлік пен сыйластықтың белгісі екенін атап өтіп, үлкендерге ұзақ ғұмыр, амандық-саулық тіледі. Мерекелік жиын барысында қариялар да өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, жастарға ақ батасын берді.
Кездесу барысында дәстүрге сай қол алысып, үлкендерге ізет көрсетілді. Қонақтар жайылған дастарханнан дәм татып, мерекелік көңіл-күйде сұхбат құрды.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы