14.03.2021, 19:23
Оқылды: 168

Көрісу мерекесінің маңызы зор

Көpісуді амал мерекесі деп те атайды. Бұл мейрам – Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың aрасында сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни, қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем біp-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас косылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Махсот ШАПИХОВ

Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрші-көлем бір-бірін жеке асына, наурыз көжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығын ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу айты – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз, алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілектер айтады.

Сол себепті қазақтар бір-бірімен қауышу рәсімін жасап, көріскен. Бір жылдың артта қалғанын және жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған. Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда өтеді. Наурыз аса ежелгі күнге табыну дәстүрінен қалған төрт мерекенің бірі. Шын мәнінде 14 наурызда жаңа жыл кірсе, 22 наурызда Күн мен Түн теңеліп, бір емес, eкі мереке беттеседі. Халқымыз бұл екеуінің жігін ажыратпай 8-9 күн бойы, тіпті ежелгі кездері ай бойы атап өткен.

Ежелден келе жатса да ескірмеген ерекше мерекеміздің маңызы зор. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, аты жаман індет өзімен кетсін. Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын!

Махсот ШАПИХОВ,

Жаңақала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале