Ислам ғылымы белгілеп, өзіміз өмірде куә болғандай мінездің пайда болатын, қалыптасатын қайнар көзі үшеу екен. Олар – ақыл, ашу, шаһуат. Адам өз жаратылысындағы осы үш қасиетті орта жолда тәрбиелеп, тізгіндеп отырғанда ғана көркем мінезге қол жеткізеді.
Ашу тәрбиеленгенде батылдыққа айналады
Мәселен, ақылды шектен тыс қолдану адамды көптеген адасушылыққа алып барады. Ал ақылды күнделікті өмірде пайдаланбау ойсыздық, немқұрайлық, селқостық пен салғырттық секілді теріс әдеттерді ушықтыра түседі. Ақылдың орта жолда кемеліне жеткен көрінісін - даналық деп айтамыз. Өмірдің ішкі сыры мен тағдырымыздағы барлық бұрылыстар мен құбылыстардың терең себептеріг даналықтың көзімен ғана көре аламыз. Сол себепті ақылдың алып ағашы - даналық түйнегі көктеп, гүлдесе, оның жемісі - көркем мінез болады.
Ашудың шамадан тыс көрініс табуы - басқыншылық, тәкаппарлық деп аталады. Бұл кезде адам өзіне қарсы, теріс пікір білдірген кез келген жанды жек көріп, тіпті алып ұрып, айналасындағыларды билеп-төстеп барлығына үстемдік еткісі келеді. Өзінің көзқарасынан басқа ешқандай пікірді қабыл алмайды. Мұндай сипатты адамнан жанындағылар жиі жапа шегеді. Соңында өзі де опық жейтін болады. Бәлкім, сіз осы жерде өзіңізді танып отырсыз.
Ашуды тым басып тастауға да болмайды. Әйтпесе, ынжықтық, қорқақтық пайда болады. Мұндай жандар өзін қоғамдағы әділетсіздіктерден қорғай алмай, өзгелердің көлеңкесінде қалып қояды. Сол себепті ашуды асыра қолдану да, тым басып тастау да – зиян. Оны орта жолда тәрбиелеп, батылдық, ержүректік деген ізгі қасиетке айналдыруымыз керек. Ашу тәрбиеленгенде батылдыққа айналады. Қоғамға, халыққа кез келген пайдалы жаңа бастама мен игі істерге қажет ең бірінші қасиет те осы болмақ. Себебі ынжық, енжар адамдардың өздерін және ортасын жақсы жаққа өзгертуге жаңа деңгейге өсіруге күш қуаттары, қауқарлары жетпей жатады.
Көркем мінездің іргетасы – туыстық қатынасты реттеу
Шәһуат дегеніміз - адамның барлық қалаулары. Адам өзінің кез келген ішкі сұранысын сараптап, сараламастан орындай беретін болса көптеген арсыздықтар мен қылмыстарға барады. Ал керісінше, өзінің барлық қалауларынан тыйылып, бас тартқан кезде өмірге деген қызығушылығы мен болашаққа ұмтылысы жоғалады. Шәһуатты шариғат қойған шеңберден асырмай, ата-бабамыздан қалыптасып келе жатқан адамгершілік қағидаттарынан аттамай орта жолда тәрбиелегенде ар-ұят деген қасиет қалыптасады. Іске асырғысы келген барлық қалауларын ар-ұят, намыс сүзгісінен өткізіп, Жаратушының да жаратылыстың да алдында әдептен озбайтын болады. Осылайша адам ақылына, ашуына, шәһуатына үздіксіз туралықпен тәлім беріп қана кемел көркем мінезге қол жеткізеді.
Шынайы көркем мінезге ие болуымыз жарық дүниеге алып келген, аялап өсірген ата-анамыздың көңілдеріне кірбің, жүректеріне қаяу түсірмей үнемі жақсы мәміледе болуымыздан байқалады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде өзіне құлшылық етуден кейін ата-анаға жақсылық жасауды бұйырады. Тіпті олардың сөзінен жалығып, кейіп «Түһ!» деп айтудың өзіне тыйым салған.
Исра сүресі 23 аятта: «Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырады. Ал егер олардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «Түһ!» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларды зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр» деп баяндалады. Біз бұл аят арқылы ата-ананы ренжітудің ауыр күнә екендігін және ол кісілердің қызметінде болу біз үшін парыз деңгейіндегі ұлы құлшылық екенін түсінеміз. Қазақ «Ата-ананың қарызы - ұрпақтың өмірлік парызы» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.
Үй ішіндегі ата-анамыз, әйеліміз, бауырларымыз бен балаларымызға дөрекілік танытып, олармен ауызбіршілікке, қамқорлыққа бағытталған қарым қатынасқа ұмтылмай, үй сыртындағы жандарға сыпайы, мейірбан болу жасандылық пен жағымпаздық белгілерінен болып табылмай ма? Сіз қалай ойлайсыз?
Отбасымызбен ,туған-туыспен қарым қатынасты реттеу - көркем мінездің іргетасы болса, айналамыздағы қарт кісілерге құрмет, кішіге ізет көрсету оның қабырғалары болмақ. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Кім кішімізге мейірімділік танытпаса үлкенімізге құрмет көрсетпесе бізден емес» деген. Бұл сөзі арқылы үлкен мен кішіге сыйластық танытпаудың күнә амалдардан екенін ұғынамыз. Дана халқымыз «Қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді» дейді. Үлкенді құрметтеуге сіз деп сөйлеу, бірінші болып амандасу, жасы кішінің бірінші болып сөйлемеуі, қажет кезде жәрдем көрсету, алдын кесіп өтпей ол кісілердің алдында әдепсіз қылықтар көрсетпеу жатады. Ал кішіге ізет көрсетудің қарапайым үлгісі оның да ой-пікірін шетке ысырмай айтқан сөзіне зейін қойып зер салудан басталады.
«Кім өзін жоғары санаса, алла оны төмендетеді»
Көркем мінездің толығып толысқанын білдіретін ең асыл қасиет адамдарды алаламау, ешбір жанды өзінен төмен санамау, Алланың жаратқан барлық жаратылысын өзіндей жақсы көру. Пайғамбарымыз: «Ешкімнің ешкімнен артық үстемдігі жоқ. Алланың мейірім есігі баршаға ашық. Кім өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді» дейді. Адамның өзінен өзге кез келген жанды жамандауы, ғайбаттауы - өзін сол жаннан жоғары санауының айқын белгісі. Яғни, адамдарға тіл тигізу іштегі тәкаппарлықтан, менмендіктен туындайды. Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлығы, өзгелерге менсінбеушілігі болған жандардың жәннатқа кірмейтіндігі жайлы асыл дініміз қатаң ескертеді. Демек жәннатқа ұмтылған әрбір мұсылман өзін өзгеден жоғары санаудан сақ болуы керек. Ал тәкаппарлықтан алыс болуы үшін өсек-аяң мен ғайбаттан қалыс болуы міндетті. Сондай-ақ кез келген адамды жамандау жасаған құлшылықтар мен ізгі амалдардың сауаптарын сөндіреді. Жылдар бойы жинайтын сауаптарымыздың күзетшісі – біздің көркем мінезіміз екендігін ұғындырады.
Пайғамбарымыз «Нағыз мұсылман өзгелерге тілімен де, ісімен де зиян келтірмеген адам!» дейді. Демек, мұсылман адам кез келген ортада адамдармен қарым-қатынаста сыйластықты ең негізгі басшылыққа алады. Ал сыйластық ынтымақ пен бірлікті нығайтады. Ынтымақ, бірлік болғанда тірлік өрге басып, береке орнығады. Саққұлақ би сыйластықтың мәртебесі турасында: «Адамның басшысы- ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық!» деген екен.
Жаратқан иеміз баршамыздың жүрегімізге күллі жаратылысқа деген сыйластықпен махаббатты орнатып сол иманның нұрымен айналамызға тек қуаныш пен игілік сыйлауымызды нәсіп етсін.
Абдувахид Бабаханов,
дінтанушы