29.11.2024, 14:45
Оқылды: 14

Көрші тату болса – көптің бағы

Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, қашан да қол ұшын созуға даяр тұрған.

IMG_3543

Сурет: pixabay.com

Жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Жаңа көршіні ерулікке шақыру дәстүрі де содан туса керек-ті. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Тіпті атқан таңың мен батқан кешіңе де бірінші куәгер осы адамдар. Дүниеден өткен жанның жаназасына жиылған жұрт та ағайынының емес, қасындағы көршісінің үйінен дәм етеді. Асыл дініміз исламда да көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған.

Құран Кәрімнің «ән-Ниса» сүресінің 36-аятында:«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршілерге, бөгде көршілерге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен, Алла тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді», – делінген.

«Жаман көршің асыңды бағалар, жақсы көршің басыңды бағалар», «Көрші көршіге сүйенер» дейтін қазақ баласы тіпті, «Көршің үшін намазыңды бұз» деп те айтады. Ал қазір бұл тәмсілді бағалап, жатқан адам аз. Қарбалас тірліктің қамымен жүріп, кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Құдайы көршісінің есімін білмек тұрмақ, жұмысбастылықты сылтау етіп, балаларына көңіл бөлуге уақыт жетіспейтіндігін айтатындар жетерлік. Қуанышымызды бөлісіп, қайғымызды бірге көтерісетін үйі іргелес қоңсыларымызды танымай, көрісіп қалған сәтте амандық-саулық сұраспақ түгілі, жай ғана бас изеп амандасудың өзін қиынсынып,  қасынан лыпып өте шығу дағдылы әрекетке айналып барады. Бұрын тас қабырғамен құрсауланған темір есікті көпқабатты үйде тұратын орыс тілді қалалықтарды ғана көршімен араласпайды деп түсінетін едік, бүгінде аңқылдаған ауыл адамдарының өзі іргесін қалың дуалмен қоршап, бірінің үйіне бірі кіріп-шығудан қалып барады.

Ол аз десеңіз, бірінің ауласын  бірі аңдып, ұрынарға қара таппай, орайлы сәтте сыртынан арыз түсіруге асық, пасық мінезді көршілер туралы да құлағымыз шалып жүр. Бір кездері көршісінесенгені соншалық, есігіне құлып салуды білмеген, құлыптаған күнніңөзінде «кілт шелектің астында» дегенсекілді жазуды есікке жабыстырып, ыдыс-аяқтары  араласып жүретін заман бұлдырап сағымға айналып бара жатқан жоқ па?

Аталмыш тақырып төңірегінде «Көршіңізбен қалайсыз?» деген сауалмен тұрғындардан пікір алуды жөн санадық.

– «Адам күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қиналғанда, бір нәрсе қажет болғанда ең алдымен көршілерден көмек сұрап жатамыз. «Итің жақсы болса — ырысың, көршің жақсы болса — тынысың», «Көршіні Құдай қосады» деген рас екен. Тынысымды кеңейтіп, күн сайын саулығымды сұрайтын қос көршім бар. Әлі күнге дейін қоян-қолтық араласып келеміз. Бірі ауылымыздың депутаты Айбек Тасанов болса, екіншісі – Зинолла Сағымғалиев ағамыз. Үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік танытатын бұл азаматтардың азаматтығы бір бөлек. Бүгінде ауылдан көшкеніме біраз  жыл өтсе де шәй сұрасаң, май қосып беретін дархан жүректі, кең пейілді байырғы көршілерімнің амандығын тілеп отырамын. Әрдайым жүздерінен нұр төгіліп, төрінен орын ұсынып,сыйластықтары сол баяғы қалпында. Олардың дендеріне саулық, шаңырақтарына бақыт тілеймін, - дейді Қызылоба ауылына қарасты Шымқұдық елді мекенінің байырғытұрғыны, зейнеткер Нұрсұлу Қадралиева.

Ал бүгінде Алматыдай алып қаланы он жылдай мекен етіп келе жатқан  жерлесіміз Айнұр Қайырмұратова:

– Жолдасым Жантөремен отбасын құрған жылы қызмет бабымен Алматы қаласына қоныс аудардық. Ең әуелі әлеуметтік жағдайы жоғары отбасылар тұратын «Медеу» шағынауданында пәтер жалдап тұрдық. Ол жерде көршілер бірін-бірі танымайды, пәтер жалдайтын отбасыларға көзқарастары басқаша болатын. Араласуға мүлдем құлықсыз болды. Олар үшін көршісімен әңгіме дүкен құрғаннан гөріқарғыбау таққан ит-мысықтарын серуендеткен әлдеқайда қызықты болатын. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» демекші, қанымызға ауылдың мәдениеті, қонақжайлылық пен қарапайымдылықәбден сіңіп қалған болатын. Тұрған жеріміз жайлы болғанмен, тұрғындарымен ортақ тіл табыса алмадық. 2020 жылы тұрғын үй кезегімен ауызбіршілігі мол Алатау ауданынан баспаналы болдық. Бұл жерде бәрі басқаша. Өзіміз секілді әр облыстан көшіп келген, қазақи тәрбие көрген жанұялар. Руға, жүзге бөлінбей, әлі күнге дейін араласып тұрамыз. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, үлкендеріміз ақылдарын айтып, үнемі баталарын беріп отырады. Салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, төл мерекелерімізді тасада қалдырмаймыз. Балаларымыз бір үйдің баласындай, жанашыр, көпшіл ортада өсіп келеді, - дейді.

«Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп қазақ халқы көршісін туғанындай жақын тартқан. Басыңа іс түссе немесе қуанышқа кенелгенде елден бұрын хабардар болып отыратын – осы көршілер. Алайда барлық жерде олай емес екен. Қалаға қоныс аударғаныма 15 жылдың жүзі болған екен. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп, ауылдағыдай  қасыңдағы көршіңмен  шүйіркелесіп, шәй ішкің кеп тұрады.  Дегенмен  мұнда көршіңнің үйіне бас сұғу қиын. Бір подъезде тұрсақ та бір-бірімізге жатпыз. Күндіз жұмыста, кешкілік серуен құрады. Осындайда ата-әжеміздің көршімен қалай араласқаны еріксіз көзге елестейді. Қазір ол кездегідей жылылық жоқ, - деп Орал қаласының тұрғыны Жомарт есімді ағамыз іштегі қынжылысын жасырмады.

«Қоныс сайламас бұрын қоңсыңды сайла» дегендей, қай пенде болмасын, үй аларда тұрағының ынтымағы ұйысқан, мейірім тұнған мекеннен табылғанын қалайды. Жақсы көршісін қимай, жылы орнын суытпай, ата қонысынан көшпей қалып қоятын кісілер де жоқ емес. Тұрғындар татулығы тұтас ауылдың ынтымағын арттыратыны сөзсіз.

Десек те ескеретін бір жайт бар. Қалада да, далада да жақсы көрші іздемес бұрын алдымен өзіміз адами құндылықтан ажырап қалмағанымыз абзал. Сонда ғана қазақ айтпақшы, көршілер бірін-бірі алыстағы ағайынынан артық санап, біте қайнасып, әрдайым тонның ішкі бауындай араласып кетері анық.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале