Бұқаралық спортты дамыту оның ішінде ауыл азаматтарының дене шынықтыруға деген ынта-ықыласын жоғарылату мақсатында 4 жылда бір рет дәстүрлі түрде «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары өткізіледі. Бұл жарысты 4 жылда бір келетін ауыл спортының олимпиадасы деуге болатындай. Соңғы кезде жаңақалалық палуандардың бағы жанып жүр.
Бұл сөзімізге осы жарыстың нәтижесі дәлел бола алады. Аудан намысын қорғаған жас палуандар жарыс көрігін қыздырды. Атап айтар болсақ, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жалғас Тілекқабылов күміс жүлдеге ие болды. Финалдық кездесуде ғана қарсыласына ұпаймен жол берген Жалғас оған дейінгі кездесулерінің барлығын айқын басымдықпен ұтты. Қожамберді Жұмагелдин 66 келіге дейінгі салмақта қолаға қол жеткізді. 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Дәурен Мерешов те ІІІ орынға жайғасты. Дүбірлі додаларда аудан мерейін асырып жүрген спортшымыз Ерасыл Ахметов 90 келіге дейінгі салмақтан қола жүлдені қоржынға салды. 100 келіге дейінгі салмақта күрескен Алтынбек Болатов қола жүлдені еншіледі. Манарбек Серікқалиев, Табылғали Табылдиев, Дәурен Жағыпаров, Тілек Кенжеғалиевтер де осал еместіктерін көрсете білді.
Жанайдар Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz