21.10.2022, 23:06
Оқылды: 27

Қос чемпионға тұлпар сыйлады

Жуырда Испанияның Понтеведра қаласында өткен грэпплингтен алтын тағып, Әлем чемпионы атанған Айкөркем Ихсанова мен Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен қол күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Рүстем Жәдігер туған жерге келіп, жерлестері сый-құрметпен күтіп алды.

IMG-20221021-WA0320

Аталмыш шарада аудан әкімі Төлеген Төреғалиев “Чемпиондар мекеніне” айналған Бұлдырты ауылының халқын жеңіспен құттықтап, бапкерлері Руслан Бекжанов пен Төлеген Құрашқа алғысхат табыс етті.

- Грэпплингке биыл жазда келсем де, аталмыш нәтиже көрсету мен үшін үлкен абырой болды. Қазақстанның атынан 80-ден астам спортшы барып, не бәрі 3 қыз 4 күн бойы күрестік. Өзімнен салмағы үлкен қыз-келіншектермен белдесу оңайға түспеді, - дейді Айкөркем.

Ұядай залда жаттығып, қос қолымен күш сынасып, білектің мықтылығын көрсеткен әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері Рүстем Жәдігер де қарсыластарының осал болмағанын, жеңіс үшін барын салғанын айтты.

IMG-20221021-WA0317

- Жолдамамыз болса да, жолақымыз болмағанына қарамастан, елдің қолдауының, ауыл, аудан азаматтарының ұйымшылдығы, жанашырлығы арқасында шәкіртіміз жүлделі орын иеленді. Рүстемнің күмісі, біз үшін алтыннан да артық! - деп ағынан жарылды чемпиондарды дайындауда тәжірибесі бар бапкер Төлеген Құраш.

IMG-20221021-WA0318
Тек Қазақстанға емес, Сырым еліне, Бұлдырты жеріне алтын мен күмісті еншілеп келген қос чемпионға қос тұлпар мінгізді.

Рүстемге ағайындары ақшалай сыйлық пен аға, жезделері қос аттан мінгізді.

IMG-20221021-WA0319

Ал Айкөркемге грэпплинг федерациясының облыстық филиалы атынан 200 мың теңгелік сертификат табысталса, ата-анасының достары қаржылай сыйлық пен тұлпар, ағасы ат мінгізіп құрметке бөледі.

Бұлдырты ауылы азаматтары атынан аудан әкімі Төлеген Құраш пен қос чемпионға 100 мың теңгелік сертификат табыстады.

Одан бөлек, ауылдың үлкендері жүрекжарды тілектерін айтып, батасын берді.

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы​
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале