Байтақ ауданымызда бұрын-соңды ара шаруашылығымен кәсіби деңгейде айналысқандар болған жоқ десек, ақиқаттан алыс кетпейтініміз анық. Сондықтан бұл іс – Жайықтың қос қапталын тең жайлаған аймағымыз үшін мүлдем тың кәсіп. Тыңнан түрен салып, жаңа істің жолын салған Сағитжан Кенжеғалиев есімді Есенсай ауылдық округінің тұрғыны бүгінде бал арасын да баптап, топыраққа нәр беретін биогумус өндірісін де қатар дамытып отыр.

Сағитжан ағаның зейнет демалысына шығуына да көп қалған жоқ, сөйтсе де ол «бір кісідей елге еңбегім сіңді, болдым, толдым, шаршадым» демейді – керісінше кез келген кәсіпті қолға алуға қай жаста да кеш емес екенін өз ісімен дәлелдеп беріп отыр. Осылайша ол соңғы екі-үш жылда еліміздің теріскейінде жүріп жинаған тәжірибесін, оңтүстіктің кәсіп иелерінен көрген өнегесін арқалап, елге оралып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен ойға алған бастамасын кәсіпке айналдырды.
Кейіпкеріміздің еліміздің кіндігі Астанада қала беруіне де болар еді – бала-шаға өсті өз алдына үй болды, өзі де бейнетінің зейнетін көретін жасқа жақындады. Әйткенмен Сағитжан Кенжеғалиев өзінің туып өскен Есенсайына қайта оралды. Дәлірек айтсақ, осы ауылдық округке қарасты Тасоба елді мекеніне тиесілі аумақтан жер алып, Ақжайыққа таңсық бизнестің бір емес, қос түрін бастап кетті. Өзі айтқандай, сондағы мақсаты – табыс тауып, ақшаға кенелу емес, ауылдағы жастардың жақсы істі көргені, үйренгені, қызығып, табиғаты тұмса Жайықтың бойы ен тоғайда шаруашылықты дамытқаны, өзі бастаған шаруаны әрі қарай өрлетіп, ауылын көркейткені.
Әңгімемізді әлқиссадан бастайық. Іргелі істің негізін қалаған С.Кенжеғалиев ара шаруашылығына кездейсоқ келген адам емес. Осыған дейін талай істі қолға алып, жемісін көрген жан. Тіпті дейсің ғой, сонау тоқсаныншы жылдардың қиын кезінде ұжымдық бақша ұйымдастырып, талай ауылдастың күнкөрісіне демеу болған. «Кім жер жыртып, бақша ексе, дастарханға қажетінің 80 пайызын сол бақшадан табады», – дейді ол, – Ақжайықтың табиғаты керемет қой, шіркін. Әрі жер де жомарт, иіліп, еңбек еткенге аямай бәрін төгіп береді. Байлығымыз Жайық та, дала төсіне нәр берген арықтар да – қай жағынан алсаңыз да, қолыңнан келетін шаруаны өрге сүйреуге шақырып тұрғандай».
Жайықтың Самар беті мен Бұқар бетін жалғайтын қалқымалы паром тасымалын да ауданда алғашқылардың бірі болып қалған алған іскерлердің қатарында Сағитжан ағамыздың бар екенін ұмытпайды жергілікті жұртшылық. Көнеккеткеннің тұсынан сал салып, өзеннен көлік пен адам өткізіп, көпшіліктің алғысына да бөленді.
Оның омарташылыққа ден қойғанына көп бола қойған жоқ – соңғы екі-үш жыл. Ниет болса, шаруаны меңгеруге көп уақыт та қажет емес. Омарташылардың тірлігіне қызығып, ара ұстау, бал жинауға машықталды. «Ара мыңдаған гүлге қонып, артқы аяқтарымен бір тамшы балды омартасына әкеліп жинайды. Қарап тұрсақ, қарапайым бұл да еңбек. Еңбекқор жәндіктің тірлігі бізге үлгі болу керек. Талай жұмыстың басын шалдым, соның ішінде тап осы кәсіпті ауылға алып келгім келді, жастардың менен кейін дамытқанын қаладым», – дейді өзі.
Ауылға оралған соң, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие рәсімдеді. Ауыл әкімі Парасат Тасқалиев бағыт-бағдар беріп, құжат жинауға көмектесті. Бағдарлама бойынша несие беретін мамандарының да қолдауы шаш етектен көрінеді кейіпкеріміздің айтуынша. Қағазбастылыққа салынбай, керісінше «ағалап» құжатын түгендеуге септесіпті. Міне, несие қолына тиісімен Тасобаның тарихында алғаш рет тоғайда омарта пайда болды. Жабайы арамен кәсіп жүргізу мүмкін емес. Қолда өсіретін омарта арасы ғанамол өнім береді. Сондықтан кәсіпкер Шымкенттен омартада өсуге бейімделген арнайы түрін алдыртады. Алдыртқанда да, бір ғана ұя емес, омартасымен 15 ұяны Ақжайыққа жеткізді.
Ара ұстау сырт көзге оңай секілді көрінгенімен, шын мәнінде көп ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Омартаны дұрыс орналастыру керек, тоғайда шөп пен ағаш қашан гүлдейді, аралардың қандай жағдайда өнімді көп береді – міне, осының бәрі есепке алынуы тиіс. Білмейтін жанға бәрібір, гүлдесе болғаны – кез келген шөп пен ағаштан бал жинауға болады. Шынтуайтында олай емес екен, омарташының бізбен бөліскені: қай шөп, қай гүл, қай ағаштан жиналды – балдың соған қарай дәмі де бөлек, емдік қасиеті де ерекше болмақ. Яғни әрбір омарта маңайдағы өсімдіктің сапасына қарап өнім береді. Осыны ескерген С.Кенжеғалиев былтыр тағы бір жаңашылдық енгізіп, тоғайдың ішіне павлония ағашын екті. Бұл ағаш Қытай мен Кореяда жиі өсіріледі. Бір маусымда 2-3 метрге дейін өсетін бұл ағаштың да пайдасы молынан. Гүлі балға, діңі жиһаз өндірісіне таптырмас ағаш.
–Павлонияның ерекшелігі – жылдам өседі. Тағы бір артықшылығы – ағашының сапасы. Жеңіл ағаш болғанымен, өте берік. Жонуға да оңай, жарылмайды, шірімейді де. Ағаштың гүлдері ірі, нәрі де өте мол. Омартаның қасында павлония өссе, демек омарта маусымы ерте басталады деген сөз. Және де бір қызығы – бір павлония ағашының өзі бір гектар танапта өсіп тұрған балдық шөптің орнын баса алады. Жиналған балдың сапасы мен дәмі керемет, түсі ашық, иісі жағымды, емдік қасиеті мол, – деп түсіндірді ағаштың қасиетін омарташы.
Әр ұяның өз тәртібі, өз заңы, өз тірлігі бар. Патшайым ара саналатын аналық күніне 1 500-ге дейін жұмыртқа салады. Ол жұмыртқа 20-23 күнде ара болып шығады. Олардың бәрі бірдей ұяны басқаратын аналық болмайды. Айталық, күзетші аралар омартаны қарауылдап, патшайымын, жұмыртқаларды қорғаштайды, аталықтары да бар, ал гүлден гүлге қонып, тозаң жинайтын – жұмысшы аралар. Айтыңызшы, қазіргі өзіміз, адамдар өмір сүретін қоғам тәріздес, иә. Бал арасының өмірі ұзақ емес – бар болғаны 40-45 күн. Қысқа ғана ғұмырында бір ара миллиондаған гүлге қонып, бірнеше мыңдаған шақырым айналып ұшып, гүлден тозаң жинайды.
Омарташының айтуынша, бір омартадан күніне 1-ден 5 келіге дейін бал түседі. Бал жинау қарқынын бақылап отыру үшін Сағитжан аға әр ұяның астына таразы орнатып қойған.
Омартаға бал жиналды дегенде, сол омартаға қасықты салып жіберіп, балды жалап отырған көріністі талай көрдік емес пе теледидардан. Расында, омартадағы бал «алма піс, аузыма түс» деуге келмейтін өнім емес екенін, оны сол күйінде тұтынуға болмайтынын көбіміз білмейді екенбіз. Кәсібі осы болғасын, омарташы бал алу мен өңдеудің де ретін жақсы біледі. Ол үшін арнайы балды өңдейтін аппарат қажет. Ағашқа бекітілген балға толы балауыз ұяшықтарды осы аппаратқа салып, айналдырады. Осылайша ұяшықтардан бал босатылып, арнайы ыдысқа жиналады. Осыдан кейін балды бірнеше рет сүзу керек. Қоспадан, балауыз қалдықтарынан тазартып барып, дайын өнім алады екен.
Бал – ара шаруашылығынан түсетін жалғыз өнім емес. Ара сүті, гүл тозаңы (перга), ара уы – бұлардың бәрі де адам денсаулығына пайдалы. Омарташы бүгінде осы бағыттарға да қызығып, ақпарат жинап, зерттеп жүр. «Аналық сүтін алу – басқа деңгейдегі ғылыми іс. Бірақ соны да үйренуге болады», – дейді ол. Бастысы – ниет бар, болашақта бұл өнімдерді де аудан жұртшылығына кәсіпкердің ұсынарына шүбә келтірмейді ешкім.
Әдетте ғой, ауылда іс бастаған адам бір кәсіппен шектеледі. Ал біздің кейіпкердің ерекшелігі сонда – ол кәсібін тек ара шаруашылығымен шектемей, биогумус өндіруге де ден қойған. Тағы бір таңсық шаруа!!! Биогумус – жердің құнарлығын арттыратын ешқандай химиялық қоспасыз таза табиғи тыңайтқыш. Негізі – малдың көңі, кәдімгі қора-қопсының артында тау-тау боп үйіліп жатқан көң. Бірақ оған кәдімгі бақшадағы құрт емес, арнайы сұрыпталған Калифорния шылаушынын жібереді. Бұл құрт көңмен қоректеніп, сол арқылы оны өңдеп, 6 айда құнарлы биогумусқа айналдырады. Минералмен құнарланған өнім алу үшін көң жеткіліксіз, оған бор, ағаш күлі, тоғайдан жапырақ әкеліп қосады. Осылай дайындалған тыңайтқыштың сапасы дүкендегі қымбат өнімдерден кем түспейтінін айтады кәсіпкер.

Сағитжан Кенжеғалиев ауылда кәсіпті жалғыз атқарып отырған жоқ. Қасында зайыбы бар, сол көмектеседі. Ұлы еңбек демалысына келгенде, шаруаға қолғабыс етіп кетеді. «Бұл – отбасылық кәсіпке де, ауылдың ортақ ісіне де айналатын тірлік», – дейді ол.
«Ауылда қандай да болмасын бизнесті бастауға мүмкіндік молынан. Әрі мемлекеттен қолдау әсіресе ауыл-аймаққа көп беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасын алайықшы, бар болғаны 2,5 пайыз үстемесімен несие – қай-қай кәсіпке де мықты капитал. Мен қолға алып отырған кәсіптің екеуінде де біздің өңірде көп бәсеке жоқ. Соны таңдаса, қателеспейді. Айталық, жер алды делік жастар, сол жерге алма бағын жайқалтсын, күнбағыс өсіріп, майын өндірсін, малын жайсын. Алма бақтың, күнбағыс өскен алқаптың қасына омарта қойса, ғажап емес пе? Әрі өнімін алады, әрі бал жинайды. Мал көбейсе де, солай. Жылдар бойы көңін жинап, айналаны ыбырсытқанша, шылаушын жібер сол көңге. Бақша шаруашылығына ауадай қажет тыңайтқышты бір жазда жинап аласың», – дейді ол.
Кәсіпкер бастаған ісі туралы айтқанда, ерекше шабыттана сөйлейді. Себебі ол өзінің білгенін өзгенің іліп әкеткенін қалайды. «Жастар көрсін, білсін, үйренсін. Қолымнан келсе үйретем. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалсын», – деп тағы қайталады ол әңгіменің соңында. Бағалай білгенге, тәжірибесін бөліскісі келгені – үлкен азаматтық. Үйретуге дайын тұратын осындай жан елге керек екені сөзсіз.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы