12.05.2020, 15:06
Оқылды: 70

Қос мейрамды қарсылаған ардагер

Соғыс ардагері Рабиға Зайнуллинаның қазіргі таңда жағдайы шүкіршілік деуге әбден келеді. Бала-шағасының айтуынша, әжеміздің жасы ұлғайып, қарттық кіргені болмаса, күнделікті теледидардан болып жатқан жаңалықтарды үзбей тыңдайды екен.

E66E6C89-FD7C-4180-B759-A9BD71FDD5CB

Оның өзі соғыс ардагерінің әлі де болса тың екендігін білдіреді. Алдымен аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы Ұлы Отан соғысы ардагеріне Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтаухатын табыс етті.

«Сізді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің адамзат тарихындағы ерен ерліктеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлеріміздің даңқты өмір жолы – Отанға қызмет етудің және патриотизмнің озық үлгісі. Өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін!» делінген жолданған хатта.

  Жылы жүздесу барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев бейне байланыс арқылы Рабиға Зәкірқызын Ұлы Жеңіс күнімен тұспа-тұс келген туған күнімен де құттықтады. Бұл көктемде соғыс ардагері 97 жасқа толып отыр. Небір зұлмат заманды көзімен көрген ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп бара жатқаны жанға батады. Десек те аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы облыс басшысының естелік сыйлықтарын ардагеріміздің қолына тапсырды. Өзі де құр қол келмегенін айтып, аудан халқының атынан сый-сыяпатын көрсетті. Осылайша бұл күн Ұлы Отан соғысының ардагері тұратын шаңыраққа әдемі гүлшоқтары мен жүрекжарды тілектерге толы құттықтау хаттар жауған күн болды. Шаңырағына бас сұғып, құттықтай келген ел азаматтарына соғыс ардагері Рабиға Зәкірқызы аналық ақ жүрегімен алғысын білдірді.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале