Мемлекеттік қызметші болудың өзіндік қиындығы жетерлік. Аудандық салық комитетінде отыз жылдан бері абыройлы қызмет етіп келе жатқан Анар Асқарқызы жайлы ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Бүгінде қызметтік сатыда көтерілген ол 2002 жылдан бері бөлім басшысы. Қарауында бес қызметкер бар. Осыған дейін экономист, инспектор болған. Осы жылдар ішінде кірістер басқармасында он басшымен бірге қоян-қолтық қызмет еткен Анар Асқарқызының табандылық пен іске жауапкершілігі әріптестеріне үлгі.
Бала кезінде дәрігер болуды қалаған Анар Асқарқызы заманға қарай қаржы саласы бойынша мамандануды көздеген. Оның қаржыгер болуына атасының осы салада еңбек еткені өз ықпалын тигізгені анық. Әрі тума-туыстар да сол өтпелі кезеңде нарық қиыншылықтарынан қаржылай сауаттылық құтқаратынын түсінген еді. Осылай табиғатынан табанды, қайсар қыз Ақмола қаржы колледжінде білім алады. Кейін Алматы қаласынан жоғары оқу орнын тәмамдаған екен. Еңбек жолын аудандық қаржы бөлімінен бастаған ол кейін бұл мекемеден салық бөлімі бөлініп шыққанда осы мекемеде қалады. Былай қарағанда кірістер басқармасының жұмысын көпшілік түсінбейтіні анық. Бір тиыннан бастап миллиондап салық жинайтын мекеменің жұмысы шаш-етектен. Өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
– Уақытқа бағыну деген бұрын болмайтын. Түнімен жұмыс істеген кезіміз болды. Бірде есімде облысқа есеп тапсыратын болып, таңғы алтыға дейін жұмыста отырдық. Осындай кездерде үйге алаңдамаймын. Жолдасым мені түсініп, еш алаңсыз жұмыс істеуіме ықпал етеді, – дейді Анар Асқарқызы ағынан жарылып.
Осы уақыт аралығында он басшымен қызметтес болған екен. Әріптестерінен үйренгені мол.
– Әртүрлі мінезді адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келеді. Осындайда болмашыға шайқала бермеу керегін үйрендік. Керемет әріптестер көңіл төрінде қалды. Оның кейбірі бұл дүниеден өтіп кетті, – дейді өзі бұл туралы.
Иә, мінездегі табандылық Анардың өмір дауылдарында шайқалмауына ықпал етті. Салқын сабырды серік етіп, қайсарлығымен тек алға ұмтылып келеді. Жұмысы да абыройлы. Талай мәрте марапаттарға ие болды. Әбуғали Ахметов сынды алғашқы бастығынан да үйренгені көп. Инспектор, бөлім басшысы болған Күләнде Нүретова, Бақыт Есқалиева (директордың орынбасары), Антонида Кунах, Галина Оразалиевалармен әлі бірге жасап келеді. Кей әріптестер келместің кемесіне мініп кетті. Өзіне қолдау білдіріп, демеп отыратын жұбайы – Асқар Бисенбайұлы да мемлекеттік қызметкер. Бұл қызметте жүргеніне – 11 жыл. Қазір әкім аппаратының құжаттамамен қамтамасыз ету және қаржы шаруашылық жұмысы бөлімінің басшысы.
Бүгінде бұл әулетте бір ұл, бір тал қыз өсіп келеді. Тек алға батыл қадам басқан Анар мен Асқар Өтегенге мемлекеттік қызметкерлер күні дендеріне саулық тілеп, еңбектерінің еселене беруін тілейміз.
Гүлнар Тасболатқызы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz