Сырым аудандық мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер күніне және Полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Ел бірлігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, халық игілігіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген қос саланың өкілдеріне арналған бұл күн – шынайы құрмет пен алғысқа толы болды.


Салтанатты жиын Мемлекеттік Гимнмен ашылып, мемлекеттік қызметке жаңа қадам басқан Бұлан ауылдық округінің әкімі Айдарбек Көлбаев пен Сарой ауылдық округінің әкімі Нұрбек Мырзағалиев ресми түрде ант қабылдады. Бұл – олардың халық алдында адал қызмет етуге серт берді.

Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Төлепов сөз алып, мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды Мемлекеттік қызметшілер күні және Полиция қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қос мереке — елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтап, халыққа адал қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне лайықты құрметтің белгісі. Ауданымызда қазіргі уақытта 100-ден аса мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Мемлекеттік қызметте нәтижелі жұмыс атқарып, жаңадан келген мемлекеттік қызметшілерге үлгі көрсететін тәжірибелі әріптестеріміз баршылық. Соның ішінде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер мемлекеттік қызметшілер Сержан Бисенбиев, Әнуар Ғалымов, Өтеген Уашев, Салауат Ғабдуллин, Төлеген Төреғалиев, Ардақ Рамазановалардың есімін мақтанышпен айтуға болады. Олардың қол жеткізген мемлекеттік марапаттары сан жылғы адал еңбектің әділ бағасы деп есептеймін.

Ал, Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алғы шепте жүр. Полиция — мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі. Құқық қорғау саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Демеуғали Беркалиев, Иосиф Демеуов, Серік Қыдырсихов, Жұмағали Молдашев, Сағындық Хайруллин, Ерболат Ишанғалиев секілді аға буын өкілдерінің бастаған ізімен ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлері де барлық марапатқа лайықты, - деді Қайрат Нұржанұлы.
Іс-шара барысында сала үздіктері түрлі марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ж.Дүйсембиевтің алғыс хаты аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Нұрбек Қуанайдың анасы Рая Хусаиноваға табысталды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен полиция саласының өкілдері Мемлекеттік қызмет істері агентігінің БҚО департаменті басшысы Мұрат Байсаловтың, облыстық қоғамдық даму басқармасының және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік жиын барысында өмірден өткен, алайда ел дамуына зор үлес қосқан марқасқа мемлекеттік қызметшілердің есімдері де құрметпен аталып, олардың жарқын бейнелері ел есінде мәңгі сақталатыны атап өтілді.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласып, аудан өнерпаздары мен мемлекеттік қызметшілер сахна төрінде өнер көрсетті. Айгүл Мамбетқұлова мен Марина Жолсариева «Шалқыма» биін мың бұрала билесе, Бақыт Қабекешова «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Бұлан ауылдық округінің әкімі Айдарбек Көлбаев жұбайымен бірге қосылып ән шырқап, Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айдархан Рамазанов «Жігіттерге өсиет» термесін тебірене орындады.

Қос мереке қатар аталып өткен салтанатты жиын аудан тұрғындарының бірлігін, патриоттық рухын арттыра түсіп, елге қызмет етудің мәртебелі іс екенін тағы бір дәлелдеді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы