4.09.2020, 15:35
Оқылды: 51

Қос орденді бағбан

Шыңғырлау ауданында дәулет пен ырысқа, бақ пен берекеге адал еңбекпен қол жеткізген қариялар аз емес. Солардың қатарында осы ауылдың төл тумасы Александр Гайдаенко да бар. Оны аудан жұртшылығы ізденімпаз бағбан деп таниды.

Bagban (2)

Ақсақалдың бағбандығынан бөлек қос орденнің иегері екенін қатарластары болмаса қазіргі толқын біле бермесі анық. Еңбек жолын көлік саласына арнаған, машина, комбайн, трактор жүргізіп техниканың құлағында ойнаған, тың игеруші Александр Михаилұлы 1939 жылы дүниеге келген. 7-сыныпты аяқтағанда әкесі Гайдаенко Михаил Ұлы Отан соғысынан  І топтағы мүгедек болып оралады. Жанұяда өзінен басқа 5 бауыры болғандықтан оқуын одан әрі жалғастыра алмай, ата-анасына көмектесу үшін сол жылы МТС-ке жұмысқа тұрады. Кейін коммунхозда, №6 автобазада жұмыс істей жүріп, 1967 жылы «Казсельхозтехникаға» (1971 жылы КП-9 болып қайта құрылған) 2 класты жүргізуші болып ауысып, сол жерде 30 жылға жуық еңбек етеді. 2002 жылы зейнетке шыққан.

Bagban (1)

Туған жерін түлетуде аянбай еңбек еткен Александр Михаилұлының кеудесіне КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен берілген «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендері, ауылшаруашылық қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіподағы комитеті мен «Госкомсельхозтехника» республикалық бірлестігінен «Социалистік жарыстың жеңімпазы, ҚР дайындау және ауылшаруашылық қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіподағының Президиумы мен «Казсель-хозтехника» республикалық бірлестігінің коллегиялары Қаулысымен «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі», «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгілері, КСРО Жоғарғы  Кеңесі Президиумының Жарлығымен берілген «Еңбек ардагері» медалдары жарқырайды. Құрмет грамоталары мен мақтау қағаздары да бір төбе екен. Бұл марапаттар қарттың кіндігінің қаны тамған жерге, маңдайының да ащы терін төгіп, аянбай еңбек еткен жемісті жылдарының айғағы.

Bagban (3)

Бүгінде  жалғыз тұрып жатқан ақсақалдың қазіргі ермегі – бау-бақшасы. Биыл оқыс құлап, темір балдаққа таңылып қалғанымен еңбекқор қарт үйінде тыныш отыра алмайды. Қашан  көрсең де бақшасында күйбеңдеп жүргені.  Оның бағында алма ағаштың «Июльская», «Малиновка», «Старт Крымсон», «Мэльба» сорттары мен қатар алмұрт, жүзім ағаштары өсіп тұр. Мұнымен қатар өзі алма дәнінен егіп, өсірген алма ағаштары тағы бар. Жыл сайын көктем шыға салысымен түптерін қопсытып, уақтылы дәрілеп, баптаудың нәтижесінде дәмі тіл үйірер қып-қызыл алмаларды шелек-шелек жинап жатады. Қарттың бақшасындағы қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, бұрыш т.б. көкөніс түрлері көз сүйсіндіреді.

Bagban (4)

Базардан сатып алғанша өзің өсірген таза өнімді пайдаланғанға не жетсін дейді Александр Михаилұлы.

Bagban (5)

Кейіпкеріміз бау-бақша егіп қана қоймай қысқа банкілерді де өзі жабады. Бірде компот, алма тосабын қайнатып жатса, бірде салат жауып, қияр, қызанақ тұздап жатқанын көресіз. Сексеннің сеңгірінен асқан қарияның еңбекқорлығы көпке үлгі боларлықтай.

Бақыт Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале