27.05.2025, 11:15
Оқылды: 306

Көше кезген бұралқы иттер мәселесі қоғам назарында

Бөрлі ауданы аудан әкімдігінде аудандық Қоғамдық кеңес отырысы болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қатысқан отырысты аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бақтығали Макеев жүргізді.

қоғамдық кеңес (1)

Қоғамдық кеңес отырысына БҚО Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Атауов, Орал қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жұмабек Жапбарқұлов, БҚО Қоғамдық кеңес мүшелері Нұрлан Сәдір, Бауыржан Зәки, БҚО Қоғамдық кеңес хатшысы Аңсар Негметуллин қатысты. Отырыс сұрақ-жауап, пікір алмасу форматында өтті. Ортаға көптен күрмеуі шешілмей жүрген ойлар тасталып, талқыланды. Алғашқы болып сөз алған Бауыржан Аяпбергенұлы облыс көлеміндегі қазіргі бірден-бір шешімі табылмай отырған мәселе киік туралы айтты. Осы мәселе бойынша жасалып жатқан  зерттеу, саралау жұмыстары туралы баян етті. Қасиетті саналатын киіктің күрт көбейгені шаруашылықтарға жайсыз тиіп жатқаны туралы біраздан бері дабыл қағылуда. Одан кейін сөз алған аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әли Бектұрғанов біздің ауданымызда көптен айтылып  жүрген  көше кезген бұралқы иттер мәселесін көтерді. Иесіз, қаңғып жүрген иттердің адамға, соның ішінде жас балалардың қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтіретінін бәрі біледі. Десе де мәселенің екінші жағы бар. Ит екен деп атып тастауға болмайды және мемлекет қаржысы есебінен асырау да күрделі мәселе. Демек, бұл жұмыстар заңмен реттелуі тиіс. Ол үшін барлық салалар бойынша мәліметтер егжей-тегжейлі зерттелуі тиіс. Бұдан басқа да отырыста шетелдік компаниялардан аудандық бюджетке түсетін салықтың пайызын көбейту, ауылшаруашылық жерлерін пайдалану, жерді арендаға алу, әскери-патриоттық орталық ашу, әскери ардагерлер ұйымдарына қолдау көрсету, тағы да басқа біраз мәселелер қозғалып, пікір алмасылды.

қоғамдық кеңес (2)

Талқылауға БҚО Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Байжан Құрманбаев, Алишер Ашұрматовтар белсене қатысты. Кеңес мүшелері отырыста көтерілген мәселелер бойынша саралау, мәліметтер жинау жұмыстарын бастайтын болды және мәселе оң шешімін табуы үшін жұмылатын болып тарқасты.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале