Қаратөбе ауданының 95 жылдық мерейтойына орай Қаратөбе ауылының Бекімов, Нысанов, Молдағұлова және бірнеше көше тұрғындарының ұйымдастыруымен көше мерекесі өтті. Жақсы тілектер айтылып, ән де шырқалған мерекеде ұлттық спорттық ойындарға да кезек берілді.
Ауыл шетінде өткен тойда ақ шаңқан киіз үй тігіліп, ошақта ас пен бауырсақ пісіріліп, келіндер жиналған жұртқа ұлттық сусын көжеден дәм татқызды.
Көше тойына қатысқан ауыл ақсақалдары Сайлау Фазылов, Мәулен Қожахметов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан бірлігі жарасқан көше тұрғындарын аудан мерейтойымен құттықтап, өнегелі істеріне ризашылығын білдіріп, ауыл халқын бірлікте, татулықта болуға шақырды.
Киіз үй жанына құрылған жазғы сахнада көшенің өнерпаздары «Гуриевтік гөзал қыз», «Қоскөл кеші», «Ауылым» сынды қаратөбелік ақын-сазгерлердің әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.
Тойға жиналған жұртшылықтың назары бір сәт ұлттық ойындарға ауып балалар арасындағы асық ату, қазақ күресі ойындарын тамашалады.
Қазақы салтымыз бен дәстүрімізге баса мән берілген шарада қыз қуу ойыны тамашаланып, ат үстіндегі бозбала қызға қуып жетсе, кезегінде қыз да жігітті қуып жетіп қамшының астына алды. Шарада ат әбзелдері таныстырылып, құмай тазыны да күтіп-баптау турасында мағлұмат берілді.
Сонымен қатар жастар арасында қол күресі, арқан тартыс, ат үстінде аударыспақ жарыстарына қатысқан білекті жігіттер жүлделі орындарды иеленіп, заттай және ақшалай сыйлықтарды иемденді. Көше тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен көше тойы жоғары деңгейде өтті.
Серікбай Жәлелұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz