Биыл қардың қалың түсуінен және көктем мезгілінде күннің күрт жылуынан қалың түскен қар ерте еріп, жердегі тон кетпей аудан көшелерінде су көптеп жиналғаны баршаға мәлім. Осыған орай Жаңақала ауданында арнайы штаб құрылды. Жедел қызмет телефоны да жұмыс жасайды.
Күн жылымас бұрын, яғни ақпан айынан бастап аудан орталығындағы көшелерден 670 текше метр қар шығарылды. Сонымен қатар барлық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен «Қар шығару» акциясы ұйымдастырылып, жалғыз басты қариялардың аулалары қардан тазартылып, 1000 метр арық және 28 су өткізу құбырлары қар мен қоқыстан тазартылды.
5 наурыздан бастап еріген қар суларын жерге сіңдіру мақсатында Орал қаласынан арнайы жер бұрғылау техникасы шақыртылып, 140 жерден жер бұрғыланды.
Бүгінгі күнге дейін С.Бабажанов, Д.Нұрпейісова, А.Оразбаева, №15, №62, 8 наурыз, Еділбаев, Астана, Жантурина, Халықтар Достығы сынды бірқатар ауылішілік көшелерден 11987 текше метр су сорылды.
Су айдау үшін 50-ден астам адам, 11 техника (12 тонналық 1 Камаз, 4 тонналық 4 ассенизатор, 4 УАЗ, 2 нива) және 12 су сору моторы (мотопомпа) жұмылдырылды.
Сондай-ақ Чапай – Жаңақала – Сайхын облыстық маңызы бар автомобиль жолының жөндеу жүргізіліп жатқан учаскесіндегі айналма жолдың 142 – 143 шақырымын су басу орын алған болатын. Осыған байланысты жабық тұрған 138 – 150 шақырымдағы грейдер ашылып, көлік қозғалысы жол үстімен жүргізілуде. Осы аталған жолдың 157-ші шақырымында да көктемгі қару суының көптеп жиналуына байланысты көлік қозғалысына қиындық тудырғаны мәлім. Ол жерде де су жыру, жол жиектерін көтеру жұмыстары жүргізіліп, бір автогрейдер, екі трактор техникасы кезекшілікке қойылды. Қазіргі таңда көлік қозғалысы қалыпты жағдайда. Осындай жұмыстар Бірлік, Қызылоба, Пятимар ауылдық округтерінде де жүргізілуде.
Жалпы ауданда қазіргі таңда жағдай қалыпты. Су басу қаупі сейілді деп айтуға толық негіз бар. Ауыл ішіндегі қар суын сору жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
zhaikpress.kz