Ақжайық ауданында Көшерғали Макаровты еске алуға арналған "Сөз сөйлеймін бөлмелеп" атты республикалық байқау мәресіне жетті. Атап өту керек, бұл додаға екпінімен елді елең еткізген тісқаққан жыршы-термешілермен қатар өнер әлеміне енді аяқ басқан жас әншілер қатысты. Олардың алды өз өңірімізден болса, соңы сонау Сыр өлкесінің сүлейлері.
Байқаудың нәтижесінде 8 өнерпаз соңғы сынға шықты. Олардың арасынан күміс көмей үздіктерді таңдаған қазылар да осал жандар емес. ҚР еңбегі сіңген қайраткер Қатимолла Бердіғалиев пен жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Сәуле Таудаева бар. Жерлестеріміз Дәурен Ораш, Ақмарал Таудаева, Түркістан облысынан Сәкен Бегманов, ақтөбелік Самал Медеубаева дипломант атанса, тасқалалық Нүрдәулет Мақсотов ІІІ орын иеленді. ІІ орын Ақтау қаласынан қатысқан Жақсыбек Барлыбаевке, І орын - Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан Сәрсенбай Рахманбердиевке бұйырды. Байқаудың жеңімпазы Атырау облысы Индер ауданының термешісі Еркінғали Аубакировқа жүлдесін аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов табыстады.
Өнер азаматының құрметіне ұйымдастырылған концертте байқау жүлдегерлері өнер көрсетті.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz