Бәйтерек ауданы Көшім ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қазақ күресінен ашық аудандық турнир өтті.
Ауыл жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қазақ күресінің дамуына ықпал ету және ұлттық спортты ұлықтау мақсатында оздырылған боз кілем бәсекесіне Орал қаласы мен аудан округтерінен келген жас палуандар қатысты.
-Ауыл балаларының қазақ күресіне деген қызығушылығы жоғары. Дені сау ұлт қалыптастырып, спортпен шұғылданушы отандастарымыздың санын арттыруға бағытталған жарыстар легі көбее берсін. Ауылының намысын арқалап келген әр спортшы болашақта еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбірететін үздік спортшы атансын,-деді жарыстың ашылуында сөз алған Көшім мектебі директорының міндетін атқарушы Ақжарқын Сағынғалиева.
Көп жылдан бері өрендерді күрес өнеріне баулып, ұлттық спорттың қанатын кеңге жаюына ықпал етіп жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Раушан Есенғалиевтің ұйытқы болуымен өткен оқушылар жарысы қызыққа толы болды. Кілемге шыққан өрендер бар өнерін көрсетіп, ұлт күресіне тән сұлулық пен әдемі әдістерді паш етті.
Қорытындысында 23 келі салмақ дәрежесінде Бекжан Жұма жеңімпаз атанса,26 келіде Мұхаммат Тұрғали, 29 келіде Батырхан Құрманғалиев, 32 келіде Ерасыл Елеусін, 35 келіде Думан Төлебай, 38 келі тартатын палуандар сынында Нұртілеу Кәрім, ал 38 келіден жоғары салмақтағы оқушылар арасында Жансерік Гиссатдин жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер атанған спортшыларға бағалы сыйлықтар мен медалдар табысталды.
Ауыл балаларын спортпен айналысуға шақырған жарысты ұйымдастырушы бапкер Раушан Есенғалиев болашақта Көшім төрінде облыстық жарыс өткізуді жоспарлап жүргенін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz