Елорда күні қарсаңында Сырым ауданының Сарой ауылдық округінің Көздіғара елді мекенінде жаңа, әмбебап спорт алаңы пайдалануға берілді.
Нысанның салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов пен ауыл тұрғыны Әди Халиуллин алаңның лентасын қиды.
- Бүгінгі спорт алаңының ашылуы аудан үшін айтулы оқиғаның бірі. Биыл жарияланған "Балалар жылы" аясында балаларымызбен бүлдіршіндеріміз бос уақытын спортпен шұғылданумен өткізіп, физикалық қабілеттерін дамыта алады.
Сарой ауылдық округінде соңғы жылдары бұқаралық спортты қолдау кең көлемде жүзеге асып келеді. Соның бір айғағы 2019 жылы Шағырлой ауылында ауыл азаматтарының, түлектердің демеушілігімен спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. "Абай" шағын футбол командасы үздік нәтиже көрсетіп, лига жарыстарында аудандық, облыстық додаларда жеңімпаз атанып жүр.
Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, спорт саласы дамып, балғын спортшыларымыз жақсы нәтижелермен қуантады деп сенеміз! – деді Асланбек Ахметоллаұлы.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобаның құны 23,2 млн теңге. Алаңның көлемі – 525 шаршы метр. Мердігер "Жайық Сити" ЖШС нысанның құрылысын сәуір айында бастап, белгіленген уақытында аяқтады.
Жаңа алаңда бірден шағын футболдан аудандық ашық турнир өтті.
Турнирге Сырым ауданы бойынша 8 команданың футболшылары қатысты.
Одан бөлек, "Жайық Сити" басшысы Мереке Молдағалиев Көздіғара негізгі мектебіне доптар сыйлады.
Дәл осындай әмбебап алаң Жырақұдық ауылында да шілде айының соңында халық игілігіне берілмекші.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz