3.01.2024, 21:00
Оқылды: 61

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты казталовтықтармен жүздесті

Бүгін Казталов ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист Нартай Аралбайұлы Сәрсенғалиев жұмыс сапарымен келді.

IMG20240103164622

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі ауданымызға жұмыс сапары барысында Нұрсай ауылында​ Тереңкөл, Бірік ауылдық округінің тұрғындары, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, өзекті мәселелерге құлақ асты.

IMG20240103165058

Кездесуге Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаттары, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары қатысып, облысымызда өзекті болған киік мәселесін талқылады.

Жиында сөз алған Нартай Аралбайұлы:

- Құрметті ауылдастар, мен де осы аумақтың, яғни, Бөкей Ордасының тумасымын. Казталов ауданына былтырғы жылы да келген едім. Негізгі сапарымның мақсаты — Жәнібек, Бөкей Орда бағытында жолдың құрылысын бақылау. Уақытында бітпеген жол ауыл халқын біраз әбігерге салғаны рас. Қазіргі күнде осы жол құрылысы аяқталу үстінде. Бірақ, жол құрылысы біздің назардан тыс қалған емес.

Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарында киік мәселесі өршіп тұр. Өзім киіктің популяциясына қатысты мәселені көтергеніме де біраз жылдың жүзі болды. Киіктің табиғи миграцииясы жүретін жолдар жойылғасын ақбөкендер осы аудандардың жеріне көшкен. Сонымен бірге киіктің басы шамадан тыс көбейді. Соның салдарынан ауыл тұрғындары, шаруалар жапа шегуде. Мәселе өршігесін, халықтың назына құлақ асқан Үкімет киіктің басын реттеуге шешім қабылдады. Қазіргі күнде ресми деректерге сүйенсек, 20 086 бас киік атылып, сойылған. Киікті реттеу кезінде бұқараға дұрыс ақпарат таратылған жоқ. Соның нәтижесінде халық арасында әртүрлі пікір қалыптасып отыр. Ақбөкендер санын реттеуді тоқтатпауымыз керек. Тек барлық жұмыстар дұрыс болуы қажет. Сонымен бірге кезінде киік атқан азаматтар бас бостандығын айрылды, айппұл төледі. Дегенмен, далада өлген киіктің мүйізін жинағандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Осы жерде заң дұрыс емес. Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуге жұмыстанып жатырмыз,-деді депутат.

IMG20240103171919

Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған техникалық су тарту, резерват аумағына кірген жайылымдарды реттеу, далада өлген киіктерді жою, ауыл әкімдеріне жаңа көлік алу, жол салу,​ жөнінде сауалдарын жолдап, сұрақтарға аудан әкімі, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары тұщымды жауаптарын берді.

Кездесуде ауыл тұрғындарының біраз ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Нартай Аралбайұлы кейбір мәселелерге қатысты өз атына хат жолдауды ұсынды.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале