Бөкей ордасы ауданының Бөрлі, Бисен ауылдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар пен «AMANAT» партиясының аудандық филиалы атқарушы хатшысы Исатай Құрмашев жұртшылықпен жүздесіп, маусымның 5-інде өтетін республикалық референдумға байланысты түсінік беріп, көпті толғандырған сауалдарға жауап берді.
Жиында көптің сөзін ауыл ақсақалы Әміржан Қатаев жеткізді. Ең алдымен ақсақал: «Қаңтар оқиғасы халықтың билікке деген сеніміне сызат салды дей келе, осыдан соң бұл биліктің қаншалықты қауқарлы екеніне күмән туды, сенім жойылды. Ендігі жерде оған қайыра сену қиын»,- деді ақсақал.
Үлкен кісінің аталы сөзіне Мәлік Құлшар:
– Ия, Қаңтар оқиғасы бір қолда болған билік босаңсығанын көрсетті. Алайда осы кезге дейін бір қолда болған билік біртіндеп өкілеттілігі таратылып жатқанына көпшілік куә. Мәселен, Президентіміз қазірдің өзінде партия қатарын шықты, Конституциямен берілген құқықтарын осы референдум арқылы таратып жатыр. Адымдап болса да билікке халықтың араласуына жағдай туғызуда. Осы қадамдарды ескеріп, үкіметке сенімді жоғалтпау қажет. Иә, қателік болды. Алайда ол түзетіліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Осы ретте халық биліктегі өзгерістерге өз көзқарасын білдіріп, бір кісідей референдумға қатысуға шақырамын. Қазір бұқараны зейнет жасының төмендетілуі мазалап жүр. Бұл ретте айтарым, ол мәселемен Ералы Тоғжанов арнайы айналысуда. Алдын ала болдам бойынша, әйелдердің зейнет жасы қысқартылуы мүмкін, ал ерлердікі солай қала бермек, – деді.
Әміржан атамыз «Президентіміз келесі сайлауға қай партиядан түседі?» деген сауалын қойса, бисендік ақсақал Әбдірахман Құрақов «Ресми тіл, яки, орыс тілі алынып тастала ма?» деген сұрағын қойды. Бұл сауалдарға Мәлік Құлшар толыққанды жауап берді. Таратып айтсақ, президенттің әлі де өкілеттілігі бітпегенін, ұлт құраушы қазақ халқының 70% -ға жетпегенін айтып, бұл мәселенің қаралмағанын айтты.
Кездесу соңы жеке қабылдауға ұласты.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz