Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына келген іссапарын Жаңақала ауданы бойынша Бірлік ауылдық округінен бастады. Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, «AMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Жанболатов, аудандық мәслихат депутаты Серік Жәрдемалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, Жаңақала аудандық аурухана директорының м. а Ербол Сәрсенғалиевпен бірге алдымен М.Мирманов жалпы орта білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты.
Осы орайда аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар аталмыш мектептің күрделі жөндеуді қажет ететінін, осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Одан әрі аталған ауылдың дәрігерлік амбулаториясы мен балабақшаға ат басын бұрып, ондағы өзекті мәселелермен де танысты. Өз кезегінде Жаңақала аудандық аурухана директорының міндетін уақытша атқарушы Ербол Сәрсенғалиев ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен, өзекті мәселелерін айтып өтті.
Сондай қоғамдық қабылдауға келген ауылдық округ тұрғындары да ауылда әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген білім ордасының күрделі жөндеуіне, ауылдың кірме жолы, интернет желісі сапасының төмендігі туралы түйткілді мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетуін сұрады. Бірлік ауылдық округінен соң Мәстексай ауылдық округіне барып, «AMANAT» партиясының сайлауалды жол картасы бағдарламасындағы Мәстексай ауылдық мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы А.Тулешов ауылдық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұдан соң кезекті іссапар Жаңақазан ауылдық округінде жалғасты.
Мұнда ауылдық округ тұрғындарымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, еркін форматта ұсыныс-пікірлерін ашық айтты. Нақтырақ айтсақ, ауылдағы кірме жол, ауызсу, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға тұрақты түрде дәрігердің қажеттілігі, сонымен қатар жедел-жәрдем көлігінің мәселелерін айтып, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ұсыныстарын жеткізді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Валерьевна айтылған ұсыныстарды қатерге алып және қажетті жоғарғы билікке жеткізіп, шешімін табуына атсалысатынын жеткізды.
Жаңақала ауданы