10.03.2026, 16:30
Оқылды: 14

ҚР Президентінің кеңесшісі Казталов ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Казталов ауданының тұрғындарымен кездесті. Еліміздегі саяси реформалар талқыланған жиынға аудан активі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер, салалық мекеме басшылары, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалиция басшысы Мұрат Мұқаев жүргізді.

image-10-03-26-04-10-2

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалардың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатыны айтылып, жаңа Ата заң жобасының қоғам талқысына ұсынылып, жарты жыл бойы жан-жақты талқыланғаны атап өтілді.

image-10-03-26-04-10-7

Кездесу барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген азаматтар сөз алып, жүргізіліп жатқан реформалардың ел дамуына ықпалы жөнінде пікір білдірді. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда аға буынның жауапкершілігі әрдайым жоғары екенін атап өтті. Ол мемлекет жүргізіп отырған жаңғыру бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтып, барша тұрғындарды елдік мүдде жолында бірлік танытуға шақырды.

— Ардагерлер қауымы әрқашан ел бірлігін, тыныштық пен тұрақтылықты ең жоғары құндылық деп біледі. Сондықтан Жаңа Конституцияда айқындалған бағыттарды, еліміздің дамуына негізделген бастамаларды әрдайым қолдайды. Өйткені біз бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен татулықтың қадірін жақсы түсінеміз. Бүгінгі таңда әлемде түрлі күрделі жағдайлар орын алып жатыр. Көрші мемлекеттердегі оқиғалар да біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Ең басты байлығымыз – ел тыныштығы мен бірлігіміз екенін әрдайым есте ұстауымыз қажет. Татулық пен келісім сақталған жерде ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан біз, барша аудан тұрғындары және аудан ардагерлері Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттарды қолдай отырып, елдегі тұрақтылықты сақтау, бірлік пен татулықты нығайту жолында өз үлесімізді қоса береміз,  — деді ол.

image-10-03-26-04-10-4

Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, №2 Казталов аудандық ауруханасының директоры Надежда Васильева ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауданның медициналық инфрақұрылымы айтарлықтай нығайып, жаңа медициналық нысандар салынып, жедел медициналық жәрдем көліктері табысталып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың медицина саласына көрсетіп отырған ерекше қолдауын атап өткім келеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақорда төрінде Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алу мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл марапатты мен тек жеке еңбегімнің ғана емес, облысымыздың, ауданымыздың медицина саласының қызметкерлеріне көрсетілген жоғары құрмет пен сенімнің белгісі деп қабылдаймын. Мемлекет тарапынан дәрігерлер еңбегінің бағалануы – денсаулық сақтау саласына деген ерекше көңілдің айқын көрінісі,  — деген денсаулық сақтау саласының басшысы: «Біз көпұлтты мемлекетпіз, бірақ барлығымызды біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Сол құндылықтардың бірі – мемлекеттік тіл», — деп тіл мәселесіне де тоқталды.

image-10-03-26-04-10-3

Кездесуде білім саласының даму бағыттары да кеңінен сөз болды. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Марал Әнуарбекқызы Төлекенова білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтар мен реформалардың маңызын жеткізді.

— Білім – бүгінгі күннің капиталы, жаңа дәуірдің талабы, еркіндіктің кілті, болашақтың кепілі. Расымен білекпен емес, біліммен жарысатын заман туды. Тұғырлы елдің жастарға қоятын жалғыз талабы да осы. Осындайда Абылайдай алып тұлғаның: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік», - деген сөзі ойға оралады. Білім мен ғылым саласында да бірлік пен ұжымдық күш, әр адамның дамуына берілген мүмкіндік – табыстың кепілі. Біз, барша жерлестер және ұстаздар қауымы, Жаңа Конституцияны қолдай отырып, ел болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамалар мен реформалардың табысты жүзеге асуына өз үлесімізді қоса береміз,  — деді жас ұстаз.

image-10-03-26-04-10-1

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті, тиімді әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті.

 

— Қазақта «Заман басқа, заң басқа» деген сөз бар. Жалпы заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде заңның өзгеруі қисыңды нәрсе. Қазір еліміздің саяси бағдары үшін маңызды сәт. Жаңа Конституция — ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын, көрсететін тарихи құжат. Жалпы, осы конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған маңызды қадам деп білеміз.  Біздің халқымыз, сапалы тіршілікке, сапалы өмір салтына ұмтылып отыр. Сондықтан конституциялық реформаның да бастауында халықтың сұранысы тұр. Халықтың сұранысы іспен, дәйекті заңмен орындалатыны сөзсіз. Екіншіден, Тәуелсіздіктен кейін 30 жылдан астам уақытты артқа тастаған қоғам идеологиялық бағдар мен тарихи танымда елеулі үзік барын жиі айтатын. Біз әлеуметтік желідегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы айтылатын ащы, кейде тұщы сынды байқаймыз. Мінекей, саяси жаңару осыны да орайымен түзеп, сабақтастықты жалғап келе жатыр. Үшіншіден, заңның өзіне заңдық қағидатпен қарайтын уақыт туды. Біз — ілгері мемлекетпіз. Біздің мемлекеттік тарихымыз ғасырлар бұрын басталып, ғасырлар бойы жалғасып отырады,  — деді Президент кеңесшісі.

image-10-03-26-04-10

Ол өз сөзінде Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімді нығайту жолында әрбір азаматтың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Ата заң – мемлекеттің берік іргетасы, ал оны қолдау – әр қазақстандықтың ортақ парызы екені баса айтылды.

image-10-03-26-04-10-5

Кездесу барысында тұрғындар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға қолдау білдірді.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале