Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Бәйтерек ауданының Макаров ауылдық округында болды.

Министр орынбасарын Макаров ауылында қарсы алған аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтерек облыс орталығын қоршай орналасқан, 68 елді мекені, 22 ауылдық округі бар әрі тұрғындар саны жағынан Орал қаласынан кейінгі орында тұрған БҚО-дағы ірі аудан екен айтты. «Біздегі ең белсенді тұрғындар да осында,- деді вице-министрмен бірге жүрген облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов. - Сол себепті Ақ Жайық өңірінде Бәйтеректің алар орны зор». Мәртебелі мейман да мұны құптады. «Иә, Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек деген мықты аудан барын естіген едім,-деді Асан Көбентайұлы.-Бүгін сол байтақ та берекелі Бәйтерекке жолым түсіп, ауданмен танысып жатқаныма қуаныштымын».

Министр орынбасарының сапары Макаровта салынып жатқан мәдениет үйі ғимаратын қараудан басталды.
- Кеңес өкіметі құлаған соң көптеген ауылдағы клуб секілді әлеуметтік нысандар жекешелендіріліп, артынан олар бұзылып жоқ болды. Сондай жағдайды мына Макаров ауылындағы клуб та бастан кешті. Қазір біздегі үлкен ауылдарда мәдениет үйі де, спорт зал да жоқ. Осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзіміз жобалап, ішінде клубы, кітапханасы және спорт залы бар ғимараттар салуды бастап жатырмыз. Әрбірін бөлек салумен салыстырғанда бұған шығын әлдеқайда аз кетеді. Мұндай нысандар қазіргі таңда ауданның төрт ауында тұрғызылуда. Бұйыртса Достық пен Щапов ауылдарында биылғы жыл соңына дейін, ал мына Макаров пен Көшім ауылдарында келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Достықтағы нысан ҚПО б.в. компаниясының қаражатына салынып жатса, қалғандары бюджет есебінен,-деді нысанды таныстырған аудан әкімі.
Мердігер компания директорының орынбасары Дамир Қанатқалиевтің айтуынша, мәдениет үйі ғимаратының құрылысы биылғы маусым айының соңында басталды. Қазір қабырғасын көтеру жұмыстары біте келді. Енді төбесін жабу басталмақшы. Жаңа жылдан кейін құрылысшылар жылу жүйесін тарту, сылақ, сырлау секілді ішкі жұмыстарына толыққанды кіріседі. Инженерлік желілерді тарту аяқталды. Абаттандыру жұмыстары көктемде жүргізіп, сосын нысан тапсырылады. Бүгінгі таңда мұндағы жұмыстың елу пайыздан астамы бітті.
Одан соң вице-министр осы округқа қарасты Жалын ауылына келді. Мұнда облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асу барысымен таныстырды.
- 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталған кезде облысымызға 6,4 млрд теңге бөлінді. Сол жылы облыс әкімінің төрағалығымен аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен үлкен жиын өтіп, тиісті бағыт-бағдар белгіленуінің, облысымыздың ерекшілігін тиімді пайдаданудың, насихат жұмыстарының жүйелі жүруінің нәтижесінде ол қаражат толықтай игерілді. БҚО-да етті мал шаруашылығы жақсы дамыған, етпен өзімізді 100 пайыздан аса қамтып отырмыз. Сол себепті бағдарлама аясында несие беру шартына етті мал шаруашылығын енгізгеніміз жоқ. Есесіне сүтті мал шаруашылығын қостық. Өйкені облыс сүтпен өзін 25 пайыз шамасында қамтуда. Ауылдарға шығып тұрғындарға осы жайттарды айтып түсіндірдік. Нәтижесінде 1500 басқа жуық сауынды сиыр алынса, соның тең жартысы асыл тұқымды мал. Бұл бағытта басқа аудандарға қарағанда Бәйтерек ауданы мықты жұмыс істеді. Олар еліміздің басқа өңірлерінен мал тасуды жақсы әрі тиімді ұйымдастыра білді.

Батыс Қазақстан облысының ерекшелігі сол, ауылдардың арасы 50-60, аудандардың арасы 30 шақырымға дейін жетеді. Яғни бұл жерде несиеге алынған малдың өнімдерін өткізуде мәселе туындайды. Сондықтан мұндайда кооперацияның атқарар рөлі зор. Нақтылап айтқанда, осынау өнімдерді сатуды ұйымдастыру керек. Ол үшін кооперативті дамыту, оған лизинге техника, құрал-жабдық алуына мүмкіндік туғызу керек. Мұны біз Үкімет басшысының орынбасарына, Ұлттық экономика министріне айтып, қолдау алдық. Көп кешікпей бағдарламаға толықтырулар енгізілді. Содан соң облыстық бюджеттен кооперативтерді қолдау үшін 500 млн теңге қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда облыста 49 кооператив құрылды. Бүгінде олар көпшіліктің көңілінен шығатын деңгейде жақсы жұмыс істеуде,-деді Алдияр Сансызбайұлы.
«Ауыл аманаты» аясында құрылған ауыл шарушылығы өндірістік кооперативінің (АШӨК) бірі - «Аманат-2022». Жалын ауылдың маңында орналасқан кооператив жұмысымен вице-минитср де танысты. АШӨК төрайымы Бибігүл Ғабдолованың айтуынша, кооперативке осы ауылдық округте тұратын 96 адам мүше болып кірген. Олар сүт, бақша және құс шаруашылығы секілді үш бағытта жұмыс істеуде. Кооперативтің тауық фермасында қазіргі уақытта 10 мың бас мекиен тауық бар. Күніне 9 мың жұмыртқа өндіріледі. Жұмыртқаны негізінен қаладағы және аудан аумағындағы сауда орындары алады. Бір данасының орташа көтерме бағасы 45 теңге. Әзірге мұнда 7 адам еңбек етіп жүр. Орташа еңбекақылары 100 мың теңге. «Шаруашылығымызды одан әрі дамытқымыз келеді,-деді Бибігүл Кәрімқызы. - «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тағы да несие алып, осынау жоспарымызды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Ауылдың дамуына берер пайдасы мол «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаны дайындаған Үкіметке айтар алғысымыз зор».
Вице-министр БҚО-да, соның ішінде Бәйтерек ауданында қолға алынған жобалар, игі істер үлгі боларлық екенін айтып, сәттілік тілеп, орын алып жатқан мәселелерді шешуге барынша қолдау жасауға тырысатынын айтып аттанып кетті.
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы