Теректі ауданына жұмыс сапарымен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков келді. Вице-министрді Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев қарсылап, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Алдымен, Бауыржан Бақытұлы Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылындағы «Ringo-Milk» ЖШС-де болды. Юбилейныйда бой көтерген 600 бас аналық малға арналған тауарлы сүт фермасы толықтай іске қосылмаған .
Алайда , бүгінгі таңда Европа елдерінен 320 бас голштин тұқымды сүтті мал әкелініп, олар карантинге қойылған. Сүт фермасында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Ферма толықтай іске қосылғанда жұмыспен қамтылғандар саны едәуір өседі екен. Ол жайлы «Ringo-Milk» ЖШС басшысы Айдос Жақсымбетов мәлімдеді.
Одан кейін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков аудан орталығына ат басын бұрды. Ол Теректіде аудандық орталық ауруханының бүгінгі хәлін көзбен көріп, жергілкті тұрғындармен дидарласты.
-Ауданымыз әрдайым даму үстінде. Алайда, жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер де жеткілікті. Ең алдымен, ол жол мәселесі. Облыс орталығына жақын жатқан ауданның жолы сын көтермейді. Жергілікті халықтың өтініп сұрары да сол жолдың жөнделуі боп тұр. Одан кейін әрине, ауруханамыздың хәлі. Қазір сіз еніп тұрған ғимарат бұрын қонақ үй болған. Жетпісінші жылдардың басында салынған ғимарат қазіргі заман талабына сай емес. Өткен жылы аудан орталығында емхана құрылысы басталғанымен, арты сиырқұйымшақтанып кетті. Мына пандемия да біраз жұмысқа тұсау болды. Сондықтан, теректіліктердің қуанышын еселеп, сіздің бастама көтеруіңізбен тақтайдай жолмен су жаңа ауруханымыздың ашылуына келерсіз деген үміт бар, -деді Теректі ауданының құрметті азаматы Мұсағали Төлегенов.
Ауданның құрметті азаматы тілге тиек қылған орталық емхана құрылысын да Бауыржан Бақытұлы көзбен көрді.
Шыны керек, 200 орындық емхана құрылысы басталғанда халық қуанған еді. Дегенмен, пандемия кезінде құрылыс материалдары күрт қымбаттап, бөлінген қаржы емхана құрылысын аяқтауға жетпеді. Сондықтан аталмыш жоба қайта қаралды. Ауданға келген Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков алдағы жылы емхана құрылысы толықтай аяқталады деп сендірді.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz