Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Тайпақ ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн орнады. Мұнда 12 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған тұрғындарға баспананың кілттері табысталды.
Бұл баспана «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынды. Салтанатты шараға Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысып, баспаналы болған тұрғындарды қоныстоймен құттықтады, риясыз көңілден жылы лебізін арнады.
– Құрметті жерлестер! Бүгін Тайпақ ауылында қуанышты күн! Өйткені 12 отбасы жаңа пәтердің кілтін қолына алды. Мемлекет тарапынан әр қазақстандықтың баспаналы болуы үшін түрлі деңгейде бағдарламар жүзеге асырылып, жаңа үйде жаңа өмірін бастаған жерлестеріміздің қатары көбеюде. Бұндай жұмыстар алда да жалғасын таба бермек. Қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, осы күні жаңа пәтерге ие болған жандар көпбалалы, толық емес отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатарынан. Олардың атынан сөз сөйлеген Аманжол Отаров құт-берекенің еселенуін тіледі.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мейрам Қайыржановтың айтуынша, тұрғын үй құрылысына бюджеттен 163 млн. 234 мың теңге бөлінген. «АйТемір-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтапты. Осындағы екі бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 71 шаршы метр болса, 1 бөлмелінікі – 42 шаршы метр.
Ауданда тұрғын үй кезегінде әр түрлі санаттан 687 адам тұр. Оларды баспанамен қамту мақсатында ауыл-елді мекендерде баспана салу жоспарланды. Мәселен, аудан орталығында үшқабатты 24 пәтерлік қос баспананың құрылысы тәмамдалуға жақын, Ақжол ауылдық округі Ілбішін ауылында екі пәтерлі бір тұрғын үй салынуда.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz