Орал қаласында Наурыз мерекесіне орай шағын футболдан өткен онкүндік қалааралық ашық турнир аяқталды. Доп додасы командаларды үш бірдей жас ерекшелігіне қарай жіктеді.
2009 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен ойындарда 12 ұжым бақ сынаған болса, алты кездесудің 5-еуін жеңіспен, 1-еуін тең нәтижемен аяқтаған Сырым ауданының жас футболшылары жеңімпаз кубогын көкке көтерді. «Қызыл жейделілер» финалдық кездесуде «Батыс – Қамқор» командасынан 0:1 есеппен айласын асырды.
Сырым аудандық Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шәкірттері командалық қана емес, жеке ойын өрнегін көрсетуде де қатарының алды болды. Әлихан Амангелді турнирдің «Үздік қорғаушысы» атанса, «Үздік ойыншы» аталымын Фархат Болат иемденді. Бапкер Руслан Чукуров баулыған футболшылардың ел чемпионаттарында бой көрсететін уақыты да алыс емес.
Салтанатты сәтте кубокты тапсырып тұрып, «Орал» спорт клубының директоры Есқабыл Жалмурзиев біздің жігіттерге турнир көркі болғандары үшін ерекше ілтипат білдіріпті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz