31 мамыр - Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі, халқымыз үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қуғын-сүргін жылдарының алғашқы құрбандары Алаш көсемдері, олардың ішінде зиялы қауымның қаймағы болған ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар Шыңғырлау өңірінің де бірқатар азаматтары мен азаматшалары жазықсыз жазаланған болатын. Осыған орай ауданымызда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алаңында еске алу шарасы өтті.
Митингке аудан әкімі М.Өмірәлиев, мекеме, бөлім қызметкерлері, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестердің ұрпақтары, БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында аудандық мешіттің наиб имамы Райымбек Құсайынов құрбан болған бабаларымыздың рухтарына құран бағыштады.
Аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы:«Халқымыз үшін қаралы күн болып табылатын оқиғаның мән-мағынасын кеңінен түсінуіміз керек. Мұндай мүмкіндік еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана туындап отырғанын білген жөн. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды»,-дей келе, саяси құғын-сүргін құрбандарына тағзым ету баршамыздың парызымыз деген ойымен бөлісті.
Аудандық мұрағат басшысы Н.Хрипченко азалы күннің тарихына тоқталып, сол бір сұрапыл кезеңнің құрбандары туралы ақпаратты тағы бір мәрте ортаға салды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz