Қуғын-сүргін құрбандарын еске алдыБүгін Жаңақала ауданындағы «Шырағдан» саябағында 31 мамыр жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты еске алу кеші өтті.
Шара барысында зұламат жылдарда жапа шеккен құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Санатұлы марқұмдардың рухтарына құран бағыштады.
Әрі қарай ардагерлер мен мекеме басшылары және қызметкерлер саябақта орналасқан ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар және зардап көрген жерлестеріміздің ұрпақтары сөз сөйледі. Сонымен қатар Алаш зиялыларының өлеңдері оқылып, мұңды әндер шырқалды.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы дайындаған кітап көрмесі таныстырылып, жиналған қауым шолу жасады.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz