31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Қаратөбеде «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кеш өтіп, қазақ халқының бостандығы үшін жан қиған Алаш қайраткерлерін еске алды.
«Қаратөбе съезі» өткен тарихи орынға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлт теңдігін ұлы мақсат етіп, ел азаттығын орнатуда ерен ерлік көрсеткен Алаш қайраткерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Тағылымды шарада Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев қилы кезеңнің тарихи маңызына тоқталып, ел тұтастығын қалыптастыруда жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялылары еңбегінің зор екендігін айрықша атап өтті.
Саяси репрессия қарқынды жүрген жылдар солақай билік «қауіпті» деп тапқан азаматтарды шұғыл түрде тұтқындап, ешқандай сот үкімінсіз абақтыға қамап немесе ату жазасына кесіп отырды. Тәуелсіздік жолында Алаштың арда ұлдары аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Бүгінгі ұрпақтың борышы – осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау.
Тоты Есқайырова,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер