31.05.2024, 17:55
Оқылды: 42

Қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы естелігін айтып берді

31 мамыр - Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

қуғын сүргің фото 1

Айтулы күнге байланысты Тасқала аудандық кітапхананың оқу залында «Өзекті өртер шындық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қуғын-сүргінде жапа шеккен тұлғаларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған бұл шарада кітапхана мамандары оқырмандарға тоталитарлық жүйе кезеңіндегі жаппай қуғын-сүргін жылдарының тарихы, лагерьлер мен қамау орындары, халықтың сол кездегі ауыр тағдырын баяндап, «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары» бейнеролигін ұсынды.

қуғын сүргің фото 2

Әрі қарай кеш қонақтары аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.

Қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, алтын алқа иегері, еңбек ардагері Сара Айтжановаға сөз кезегі ұсынылды. Тарихта зобалаңға толы сол жылдарда әрбір қазақ азаматының, оның ішінде Сара апамыздың да отбасына кесірін тигізіп қана қоймай, ұрпақтары ұмытпайтын өмірлік қасірет алып келді. Әкесі Ермекқали еліне елеулі тұлға, халқына қалтқысыз қызмет атқарған ардақты азамат еді. Кейіпкеріміз 1932-1937 жылдары Ақтөбе облыстық байланыс басқармасының басшысы қызметін атқарып, ата тіліміздің өркендеуіне, радио байланыстың нығаюына ерекше үлес қосқан, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, еріксіз жазаланған әкесі Ермекқали Әбенов жайында маңызды естеліктерімен бөлісті.

Тасқала ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Ғалым Хисмеддинов Тасқала жерінің тарихына тоқталып, өлкеміздегі саяси қуғын-сүргін кезіндегі қудалау орындары жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ шараға аудан мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері қатысып, баяндама жұмысын таныстырды.

Дөңгелек үстел барысында кітапхана мамандары саяси-қуғын сүргін, ашаршылық тақырыбында жазылған М.Балмолданың «Есіңде ме бұл күн», С.Әбеновтың «Атылған оқ», М. Сахиұлының «Ашаршылық туралы» арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Тасқала колледжі студенттері мен кітапхана мамандары қатысып, тақырып аясында өзекті ойларын ортаға салды.

«Дәуір және тағдыр құрбандары» атты кітап көрмесінде оқырмандарды қазақтың озық зиялылары – «Алаш» қозғалысы өкілдерінің тағдырын көрсететін басылымдар таныстырылды.

Назерке Шайхолла,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале